Биыл халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бәрі дерлік қымбаттады
Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының 2025 жылға арналған индекстерін жариялады.
Жыл басынан бері халық көп тұтынатын азық-түлік тауарының бәрі дерлік қымбаттады. Атап айтқанда, картоп бағасы бір айдың ішінде 17,8 пайызға, ақ қырыққабат 8,2 пайызға, күнбағыс майы 4,4 пайызға, ал сиыр еті 2,7 пайызға көтерілген.
Әсіресе, Орал қаласында (33,3%), Ақтөбеде (25,9%), Астанада (24.9%), Семейде (24,2%) және басқа да өңірлерде картоп бағасы шарықтап кеткенін байқауға болады. Бір келі картоптың орташа бағасы 224 теңге деп көрсетілген. Ең қымбат картоп Жезқазғанда (299 теңге), Қонаевта (276), Өскеменде (270) және Талдықорғанда (264) сатылады.
Биыл бағасы сол қалпында қалған немесе төмендеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары аз. Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, үш тауардың ғана бағасы арзандаған: бірінші сорттағы ұн (0,2%), күріш (0,1%), жұмыртқа (0,4%).
Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 өнімді енгізді. Олар: ұн, нан, жұмыртқа, макарон, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және май; кейбір ет түрлері (сиыр, тауық) мен сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе); көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз да бар.
Бір күн бұрын Kursiv.Media қосылған құн салығы өссе, азық-түлік бағасы қаншалықты қымбаттайды деген тақырыпта мақала жариялады.