Көктемде үш ауылдың су астында қалуына себепкер болған адам 2,5 жылға сотталды
Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе облысындаға «Мағаджан» су қоймасының жарылып, үш бірдей елдімекеннің су астында қалуына себепкер болған адам 2,5 жылға сотталды. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Хромтау ауданының прокуратурасы көктемгі су тасқынын тексере келе, «Мағаджан» плотинасына иелік ететін компания басшысының тиісті шараларды дер кезінде қолға алмағанын анықтаған. Компания басшысы пайда табу мақсатында қоймаға көп мөлшерде жиналған суды жібермей қойған.
Қандай елдімекендерді су басты?
Салдарынан су қоймасы жарылып, сол маңдағы Табантал, Қызылту және Бесқоспа елдмекендерін су басып, халықтың мүлкі мен инфрақұрылымға зиян келтірген.
«Платинаға иелік ететін ЖШС директоры пайдакүнемдік мақсатта суды ағызу бойынша шара қабылдамаған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Компания басшысының кінәсі расталып, Хромтау аудандық соты Қылмыстық кодекстің 254-бабы мiндеттерiн адал орындамау фактісі бойынша бойынша кінәлі деп танып 2,5 жылға соттаған. Сонымен қатар адамға су шаруашылығы саласында жұмыс істеуге 3 жылға тыйым салынған.
Үкім заңды күшіне енбеген.
«Мағаджан» су қоймасы қалай жарылды?
«Мағаджан» су қоймасы 2024 жылдың сәуірінде жарылды. Ол кезде Қазақстанның бірталай өңірлерін су ала бастаған. 4 сәуір күні Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет үндеу жасап, Елек өзенінің бойында орналасқан елдімекендердің тұрғындарынан қауіпсіз орындарға көшуді сұрады. Әкім «Мағаджан» су қоймасының бұзылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасына көп көлемді су келетінін айтты.