Аляскада 10 жолаушысы бар ұшақ із-түссіз жоғалып кетті
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/18-08-1024x576.jpg)
Аляскада ауа райының қолайсыздығынан Bering Air компаниясына тиесілі ұшақ жоғалып кетті. Әуе кемесінде 10 адам болған.
Оқиғаның мән жайы
Қазіргі уақытта Аляска билігі із-түссіз жоғалған ұшақты іздестіруде.
«Бейсенбі күні, жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында, Bering Air компаниясының ұшағының жоғалғаны туралы хабарланды. Ұшақ Уналаклит қаласынан Номға бағыт алған, бортта тоғыз жолаушы мен бір ұшқыш болған», — деп хабарлады Reuters Аляска штатының Қоғамдық қауіпсіздік департаментіне сілтеме жасап.
Департаменттің мәліметінше, құтқару қызметтері ұшақтың соңғы белгілі координаттарын анықтау үшін жұмыс істеп жатыр. Жоғалған әуе кемесі — шағын турбовинттік Cessna Caravan моделі.
Ал FlightRadar24 сайтының мәліметінше, ұшақтан соңғы сигнал 38 минут өткен соң, Уналаклиттен ұшып шыққаннан кейін, су үстінде болғанда тіркелген. Әдетте ұшақтың рейсі бір сағаттан аз уақыт алады.
Bering Air — Алясканың аймақтық әуе компаниясы, флотында 39 ұшақ пен тікұшақ бар. Компания өкілдері әзірге жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Ақпаратқа сәйкес, Bering Air авиакомпаниясы Алясканың батысындағы 32 ауылға қызмет көрсетеді, рейстер Ном, Коцебу және Уналаклит әуежайларынан ұшады. Рейстер күніне екі рет орындалады.
Жуырда АҚШ астанасы Вашингтонда жолаушылар ұшағы тікұшақпен соқтығысып, Рональд Рейган атындағы әуежайдың жанындағы Потомак өзеніне құлаған болатын.
Айта кетейік, осыған дейін Жаңа жыл қарсаңында ұшақ апаттары жиілеген. Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Бразилияда, Канадада ірі ұшақ апаттары болған.