Жайылымдық жерден алтын өндірмек болған кәсіпкерге 2,6 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
алтын өндіру
Кәсіпкер жайылымдық жерді алтын өндіру мақсатында пайдаланған / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанай облысының Жітіқара ауданында кәсіпкер жер учаскесін жайылымдық мақсатта сатып алып, алтын өндіру мақсатында пайдаланған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қостанай облысы бойынша жер ресурстарын басқару басқармасы Жітіқара ауданының прокуратурасымен және ішкі істер органдарымен бірлесіп, жайылымға арналған жер телімінде заңсыз алтын өндіру фактілерінің жолын кесті», – делінген баспасөз хабарламасында.

2,6 млн теңге айыппұл не үшін салынды?

Прокурорлар мен құзыретті органдар тексеріс барысында компанияның жерді «ауыл шаруашылығы тауарын өндіру мақсатында» алғаны белгілі болған. Бірақ жердің нысаналы мақсатын елеместен, жер учаскесінде алтын іздеумен айналысқан. Солайша заңсыз кен істерін жүргізіп, учаскедегі топырақ қабатын бұза отырып қазба жұмыстарын жүргізген.

Аумақтан сирек металдарды заңсыз өндіруге арналған арнайы техника мен металл іздегіштер, басқа құрал-жабдықтар анықталған.

«Топырақтың құнарлы қабатының бұзылуы фактісі тіркелді. Департамент 2,6 млн теңге айыппұл салды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік топырақтың құнарлы қабатын қалпына келтіруге міндеттелген.

Заңсыз алтын өндіруден келетін шығын

Жалпы Қазақстанда заңсыз алтын игеру тәжірибесі жиі кездеседі. Депутат Андрей Лукиннің айтуынша, 1 жылда елде 25 тонна алтын заңсыз жолмен өндірілген. Ал соңғы төрт-бес жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымына байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу фактісі тіркелген. Сондай-ақ Қазақстанда 4 жылдағы заңсыз алтын өндіру және ұрлаудан келген шығын көлемі 1,5 млрд теңгеден асқан.

Соның бір мысалы ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы оқиғаны айтуға болады. Өңірдің полиция департаменті 2024 жылдың шілде айында Үлкен Нарын мен Самар ауданында заңсыз алтын қазумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Қылмыстық топ жасырын жолмен алтын кесектерін өндірумен айналысқан. Олар екі аймақта жұмыс істеп, алтыны бар жерлерді қарулы адамдардың көмегімен күзеткен.

Сондай-ақ оқыңыз