Орталық Азия күшейіп келеді: өңірдің жалпы ішкі өнімі алғаш рет 500 млрд доллардан асты
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/shutterstock_1218667141.jpg)
2024 жылы Орталық Азияның номиналды ЖІӨ-сі 500 млрд доллардан асуы мүмкін. Халықаралық валюта қорының мәліметінше былтыр ол 10%-дан астам өсіп, 519 млрд долларға жетеді.
Орталық Азия халқы 80 миллион адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға, ал соңғы 24 жылда 1,4 есеге артты. Еуразиялық даму банкінің мәліметінше демографиялық үрдістер өңір мемлекеттерінің экономикалық өсуіне ықпал етуде. Халықтың жас құрылымын ескере отырып, болашақта еңбек ресурстарының көлемі артады деген болжам бар.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd1-1-1024x576.png)
Үшінші елдерден тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі соңғы екі жылда 4,2%-ға өсіп, 2023 жылдың соңында 223 млрд долларға жетті. Сондай-ақ, сыртқы сауда айналымы қарқынды дамып, 2021 жылдан бастап 34,6%-ға ұлғайды.
Соңғы екі жылда сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Орталық Азия елдерінің экономикалары жоғары қарқынмен өсуде. 2022–2023 жылдары ЖІӨ-нің орташа өсімі 4,8% болды, ал дамушы нарықтарда бұл көрсеткіш 4,2%, әлемдік экономикада – 3,4% құрады. Соңғы 24 жылда өңір елдерінің жиынтық ЖІӨ көлемі 10,8 есе өсті, ал оның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі (СҚП бойынша) 1,9 есе артты.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd2-1-1024x576.png)
ХВҚ болжамынша Орталық Азия даму траекториясына түскен
Орталық Азия – алуан түрлі аймақ, оның елдерінің экономикасы көлемі мен құрылымы бойынша ерекшеленеді. Қазақстан экономикасының көлемі жағынан көш бастап, өңірдің жиынтық ЖІӨ-сінің 57%-ын қамтамасыз етеді. Өзбекстан – халық саны ең көп ел, онда Орталық Азия халқының 45%-ы тұрады.
Үш ірі экономика – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан – Орталық Азияның жиынтық ЖІӨ-сінің 95%-ын қалыптастырып, көмірсутектердің таза экспорттаушылары болып табылады. Қырғызстан мен Тәжікстанның экспорты негізінен металдар мен металл кендеріне сүйенеді. Өңірдегі барлық елдер ашық экономикаға ие, ал Қырғыз Республикасы сыртқы саудаға тартылу деңгейі бойынша көш бастап тұр.
ХВҚ болжамынша, 2026 жылдың қортындысы бойынша Орталық Азияның ЖІӨ 600 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Соның ішінде Қазақстан-325,5 млрд, ¬Өзбекстан 141,2 млрд, Түркіменстан 99,3 млрд, Қырғызстан 18,5 млрд және Тәжікстан 15,5 млрд долларға дейін жетуі мүмкін деп болжауда.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd3-1-1024x576.png)
Қазақстан
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) да Қазақстан экономикасының тұрақтылығын атап өтіп, 2025 жылы ЖІӨ 5%-ға өседі деп болжайды. Бұл өсімге мемлекеттік шығыстардың артуы, Теңіз кен орнын кеңейту және банктік тұрақтылық сияқты факторлар ықпал етеді.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, мұнай өндірісінің ұлғаюы және фискалдық саясаттың нәтижесінде 2025 жылы Қазақстан экономикасы 4,5%-5% аралығында өседі. Сондай-ақ, инфляция деңгейі 2025 жылы 7,5-8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Еуразиялық даму банкі де Қазақстан экономикасының 2025 жылы 5,5% деңгейінде өсетінін болжайды. Бұл өсімге мемлекеттік бастамалар мен шетелдік инвестициялар ықпал етеді деп есептеледі.
Жалпы, түрлі халықаралық және ұлттық ұйымдардың болжамдары Қазақстан экономикасының 2025 жылы 4,5%-дан 5,6%-ға дейін өсетінін көрсетеді. Бұл оң үрдіс елдің экономикалық дамуының тұрақтылығын және болашақтағы әлеуетін айғақтайды.
Қазақстанның 2025 жылға арналған инфляция деңгейі бойынша әртүрлі болжамдар бар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы инфляция 5,5-7,5% аралығында болады деп күтілуде.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd4-1024x576.png)
Өзбекстан
Өзбекстан экономикасына қатысты 2025 жылға арналған болжамдар оң үрдісті көрсетеді. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 5,8%-ға өседі деп күтілуде. Соңғы бес жылда Өзбекстан экономикасы екі есеге өсіп, көлемі 100 млрд доллардан асты, ал жан басына шаққандағы табыс 3000 долларға жетті. Экспорт көлемі де екі есеге артып, 25 млрд долларға жетті. ХВҚ болжамынша 2026 жылға қарай Өзбек экономикасы 140 млрд доллардан асады деп күтіледі.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd5-1024x576.png)
Қырғызстан
Қырғызстан экономикасы 2025 жылы қарқынды өсуі күтілуде. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, энергетика, құрылыс және көлік инфрақұрылымы салаларында жүзеге асырылатын ірі жобалар экономикалық өсімді қолдайды. Мысалы, «Қамбар Ата ГЭС-1» жобасына Дүниежүзілік банк, Еуразиялық даму банкі және басқа да халықаралық қаржы институттары жалпы сомасы 4,5-5 миллиард долларды құрайтын қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Аталған жобаның негізгі құрылысы 2025 жылға жоспарланған. Дегенмен, Дүниежүзілік банк Қырғызстан экономикасының өсу қарқыны 2024 жылы 5,8% болса, 2025 жылы 4,5% деңгейінде болуы мүмкін деп болжайды. Қырғызстан 2026 жылға қарай ЖІӨ 18,5 млрд долларға дейін өседі.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd6-1024x576.png)
Тәжікстан
Тәжікстан экономикасының өсуі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларының дамуына байланысты болады. Үкіметтің экономикалық даму стратегиялары мен халықаралық ынтымақтастық жобалары да экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін. ХВҚ болжамына назар аударсақ 2025-2026 жылдар аралығында Тәжікстан ЖІӨ өсуі 8 пайыздан төмен түспейді. 2020-2026 жылдары Тәжікстан болжамды өсімді сақтаса, ЖІӨ көлемін еселеуі мүмкін.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/slajd7-1024x576.png)
Түркіменстан
Түркіменстан экономикасының 2025 жылғы өсуі туралы нақты болжамдар шектеулі, себебі елдің экономикалық деректері жиі жарияланбайды. Дегенмен ХВҚ мәлімтінше 2024-2026 жылдар аралығында ЖІӨ өсуі 2,4% құрайды. Осы өсім сақталса, 2026 жылдың қортындысы бойынша Түркіменстан экономикасы 100 млрд долларға жетуі мүмкін. Осылайша Түркіменстан өңірдегі үшінші экономика статусын сақтап келеді.
Орталық Азияның стратегиялық рөлі кең байтақ Еуразия кеңістігінде арта түседі. Өңір елдерінің транзиттік әлеуеті мен халықаралық көлік дәліздеріне интеграциясы сыртқы нарықтарға шығуға және экономиканың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Су-энергетикалық кешенді, оның ішінде жасыл энергияны үйлесімді дамыту айтарлықтай мүмкіндіктер береді. Дегенмен, өңір әлеуетін толық іске асыру үшін елдер бірқатар сын-қатерлерді еңсеруі қажет. Олардың қатарында теңізге шығатын жолдың болмауы, ресурстарға тәуелділік, қаржы секторындағы төмен даму деңгейі және климаттық өзгерістердің әсері бар.