Тұрғын үй кешенінде тұру ережелері: 2025 жылы көршілер қай әрекеті үшін айыппұл арқалауы мүмкін?
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-60773-1.jpg)
Көппәтерлі үйде тұрудың да жыры көп. Әсіресе, көршілермен талас-тартыс пен сөзге келіспей қалатын жағдайлар өмірді тіпті қиындатып жібереді. Шулы ойын-сауық кештері, қоқыс шашыла беретіні немесе көршіңіз мүлкіңізді зақымдаса, бұл әрине, ауыртпалық салады, шаршатады. Kursiv.Media тұрғын үй кешенінде тұру ережелерін жинап, нендей әрекет үшін қандай айыппұл салынатыны туралы деректерді жинап, арнайы нұсқаулық әзірледі.
Не істеуге болмайды?
Подъездге қоқыс тастап кетуге болмайды
Қоқысты пакетке салып, бір бұрышқа қойып кетсеңіз де, заң бұзған болып есептелесіз. Бұл үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2 бабы, яғни «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» айыбы бойынша жауапқа тартылуыңыз мүмкін.
«Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10-20 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады».
Темекі тұқылдарын қоқыс жәшігінің сыртына, соның ішінде терезелерден лақтыруға және кіреберісте темекі шегуге болмайды
Бұл әрекет те Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2 бабы, яғни «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша қудаланады.
Айыппұл: Айыпты адамға заң бойынша 10-20 АЕК аралығында (39 920 теңгеден 78 640 теңгеге дейін) айыппұл көзделген.
Подъезде темекі шегуге тыйым салынады
Баршаға ортақ аймақтарда, оның ішінде подъезде темекі шегу де заңбұзушылыққа жатады.
Бұл әрекет Әкімшілік кодекстің 441-бабы, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша қудаланады.
Айыппұл: Мұндай дерек тіркелсе, айыпты адамға 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Подъездерде алкоголь ішуге болмайды
Топ болып жиналып, шулап, көппәтерлі ғимараттың подъезінде алкогольдік сусын ішетін адамдар көршілерге кедергі келтіріп қоймай, қоғамдық тәртіп ережелерін де бұзады. Подъезде алкоголь ішу бойынша шағымдар Әкімшілік кодекстің 440 бабы – «Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша қарастырылады.
Айыппұл: Мұндай әрекет үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл қарастырылған.
Подъезд қабырғаларына сурет салуға және ғимараттың қасбетіне зақым келтіруге болмайды
Тұрғын үйдің қасбеті мен подъезд қабырғаларына «қолтаңбасын» қалдырғанды ұнататындарға да заң бар. Оларға да айыппұл қарастырылған.
Айыппұл: Бұл үшін 50 АЕК (197 600 теңге) айыппұл салынады немесе 5-20 тәулік аралығында қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
Үйді жөндеу жұмыстарынан қалған қалдық қоқысты сақтауға тыйым салынады
Құрылыстан қалған қоқысты үй маңына немесе ортақ территорияға уақытша қойып, сақтап отыру да заң бұзушылыққа жатады. Бұл үшін Әкімшілікке кодекстің 505-бабы – «Қалалар мен елдiмекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу. Сондай-ақ қалалар мен елдімекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» негізге алынады.
Айыппұл: Бұл үшін 20 АЕК-ден 30 АЕК-ге дейін (78 640 теңгеден 117 960 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.
Подъезге велосипед, балалар арбасы және өзге де жеке заттарды қоюға болмайды
Велосипедті дәлізде қалдыру немесе ескі жиһазды баспалдақ алаңында сақтау эвакуацияға кедергі жасап, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуы мүмкін.
Осы төңіректегі әрекеттер Әкімшілік кодекстің 410 бабы – «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау» бойынша қудаланады.
Айыппұл: Бұл үшін тұрғынға 5-10 АЕК аралығында (19 660 теңгеден 39 320 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.
Түнгі уақытта шулауға болмайды
Тұрғын үй кешенінде тұратын болсаңыз, бұл ережені де үнемі жадыңызда ұстағаныңыз жөн. Себебі бұл талапты бұзсаңыз да, көршіңіз шағымданса, айыппұл арқалауыңыз бек мүмкін.
Таң атпастан немесе тым кеш уақытта музыка қосу, жөндеу жұмыстары және өзге де көршілердің мазасын алатын кез келген әрекет айыппұлдың астында қалуыңызға негіз болуы мүмкін.
Жұмыс күндері сағат 22:00-09:00 аралығында және демалыс күндері, мереке күндері 23:00-10:00 аралығында тыныштық режимін бұзу Әкімшілік кодекстің 437 бабы – «Тыныштықты бұзу» бойынша қарастырылады.
Айыппұл: Физикалық тұлғаларға – 5 АЕК(19 660 теңге).
Шағын кәсіп иелеріне – 20 АЕК (78 640 теңге).
Орта кәсіп субъектілеріне – 30 АЕК (117 960 теңге).
Ірі кәсіп иелеріне – 100 АЕК (393 200 теңге).
Тұрғын үй кешені аумағында және подъездерде дәрет сындыруға тыйым салынады
Әлдекім қоғамдық орында, мысалы, аулада, подъезд маңында немесе подъездің ішінде дәрет сындыратын болса, бұл қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды бұзу болып есептеледі.
Көршілердің мұндай әрекеті Әкімшілік кодекстің 434-бабы – «Ұсақ бұзақылық» бойынша қарастырылады және мұндай іс үшін де айыппұл бекітілген.
Айыппұл: Мұндай әрекет үшін 20 АЕК (78 640 теңге) немесе 5-15 күн аралығында әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Автокөлікті бекітілмеген жерлерге қоюға болмайды
Кез келген тұрғын үй кешенінің аумағында бекітілген автотұрақтар болады. Бірақ көршілердің біреуі көлікті тура подъездің алдына қойып кетсе, бұл, әрине, өзге тұрғындарға кедергі келтіреді. Сонымен қатар бұл өзге жол жүргіншілерге де қиындық туғызып, қимыл–қозғалысқа да кері әсер етеді.
Көлікті тұраққа қою бойынша жазалау Әкімшілік кодекстің 597-бабы – «Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу» бойынша жүзеге асырылады.
Айыппұл: Мұндай заңбұзушылық тіркелсе, көлік иесіне 5 АЕК-тен 30 АЕК дейінгі (19 660 теңгеден 117 960 теңгеге дейін) мөлшерде айыппұл салынады.
Тұрғын үй кешенінің ауласында көлік жууға тыйым салынады
Көппәтерлі тұрғын үй ауласында көлік жуу, әсіресе, химиялық заттарды қолдана отырып көлік тазалау ауланы ластап, санитарлық норманың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Көршілердің мұндай әрекеті де Әкімшілік кодекс бойынша жазаланады. Атап айтқанда 505-бап Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру санаты бойынша айыппұл көзделген.
Айыппұл: Мұндай жағдайда көлік қожайынына 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін (19 660 теңгеден 117 960 теңгеге дейін) айыппұл салынады.