«Қазір еліміз үшін тарихи кезең»: Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар форумына қатысты
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/26d2d069-7a74-485d-8f37-6e42aba9e541-1024x682.jpg)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір еліміз үшін тарихи кезең, алдымызда биік мақсаттар тұр деп тұжырымдайды. Бұл туралы ол «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденованың айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген.
![Токаев молодежь президент](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/dsc-3557-2-1024x511.jpg)
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды.
Тоқаев форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бір күн бұрын Президент елдегі ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, қосылған құн салығы мәлеселсін пысықтауды тапсырған.