Илон Маск TikTok-тан бас тартты

Жарияланды
TikTok-тің АҚШ-тағы үлесін Илон Маск сатып алуы мүмкін - Bloomberg
Илон Маск TikTok-тан бас тартты – Bloomberg / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Илон Маск TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесін сатып алу жоспарында жоқ екенін мәлімдеді.

«Мен TikTok-ты сатып алуға өтініш берген емеспін және оған аса қызығушылық танытып отырған да жоқпын. Аталған әлеуметтік желіні дамыту жоспарымда да жоқ», – деп мәлімдеді Илон Маск сенбі күні Германияда өткен бизнес-конференцияда.

Ол іс-шараға видео байланыс арқылы қосылды. Маск әдетте компанияларды нөлден бастап құратынын, ал Twitter-ді сатып алуы – сөз бостандығын сақтау мақсатында жасалған ерекше жағдай екенін атап өтті.

Bloomberg қаңтар айында Қытай үкіметі TikTok-тың америкалық бөлімшесін Илон Маскқа сатуды қарастырғанын хабарлаған болатын. Бұл ретте X әлеуметтік желісі АҚШ-тағы TikTok бизнесін басқаруы мүмкін еді.

Дональд Трамп инаугурациядан кейін TikTok-тың мәжбүрлі сатылуы немесе жабылуын уақытша тоқтатып, компанияға АҚШ-тан серіктес табу үшін 2025 жылдың 4 сәуіріне дейін уақыт берген болатын. Дегенмен ақпан айында әлеуметтік желінің болашағына қатысты түпкілікті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Трамп TikTok-тың ықтимал сатып алушылары ретінде Илон Маск, Ларри Эллисон және Microsoft компанияларын атаған-ды. Microsoft кезінде Walmart-пен бірлесіп, Трамптың бірінші президенттік мерзімінде осы әлеуметтік желіні сатып алмақ болған. Бірақ бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырады.

Сондай-ақ Илон Маск xAI жасанды интеллект әзірлеу стартапы мен басқа да америкалық чат-боттар жақын арада DeepSeek-тен асып түсетін үлгілерді шығаратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз