Коммерциялық нысанды жалға беретін кәсіпкерлер де бөлшек сауда режимінде жұмыс істей алады
Жарияланды
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/tax-nalog-roznichnyj-1024x576.png)
Үкімет бөлшек салық режимімен жұмыс істейтін салалар қатарын көбейтті. Енді коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын кәсіпкерлер де бөлшек салық режимінде жұмыс істей алады.
Сонымен қатар:
- Саудаға арналған жылжымайтын мүлікті және көпфункционалды кешендерді жалға беру және басқару;
- Жалға алынған сауда нысандарын және көпфункционалды кешендерді басқару;
- Тұрғын үйлердегі өзіне тиесілі немесе жалға алынған сауда орындарын жалға беру және басқару;
- Көрме залдары мен конференц-залдарды жалға беру және басқару;
- Қойма орындарын жалға беру және басқару;
- Басқа да коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару;
- Коммерциялық ғимараттарды тазалау қызметі де бөлшек салық режимімен жұмыс істей алады.
Бөлшек салық – бұл шағын бизнес үшін жеңілдетілген салық режимі. Ол негізінен халыққа тауар немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлерге арналған. Бұл режим салық жүктемесін азайтып, есеп жүргізуді жеңілдетеді.
Бұл режимге кімдер өте алады?
Бөлшек салықты келесі кәсіпкерлер пайдалана алады:
- Қызметкерлер саны – 200 адамнан аспауы керек.
- Жылдық табыс – 600 000 АЕК-тен аспауы керек (2025 жылы – 2,4 млрд теңге).
- Қызмет түрі – кімет бекіткен тізімге кіретін кәсіпкерлер (мысалы, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары, техниканы жөндеу, білім беру қызметтері және т.б.).
Салық мөлшері қанша?
- 4% – егер кәсіпкер жеке тұлғаларға (халыққа) немесе салықтық шегерім қолданбайтын кәсіпорындарға тауар немесе қызмет сатса;
- 8% – егер кәсіпкер заңды тұлғаларға (компанияларға) қызмет көрсетсе және олар салықтық шегерім қолданса.
- Жергілікті билік органдары (мәслихаттар) бұл 4% мөлшерін 2%-ға дейін төмендете алады.
Бөлшек салықтың артықшылықтары қандай?
- ҚҚС (НДС) төлеуден босатылады – бұл бағаны төмендетуге көмектеседі.
- Әлеуметтік салық төлемейді – яғни жұмыс берушілерге жеңілдік береді.
- Қызметкерлердің жалақы қорын салық сомасынан шегеруге болады – яғни, жалақы төлеген сайын салық жүктемесі азаяды.
- Есеп жүргізу ыңғайлы– құжаттар мен есептер аз болады.
Үкімет биылы салық реформасы аясында қосылған құн салығы мөлшерлемесі 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеруге ниетті. Алайда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев шағын бизнес үшін бөлшек салық 4% деңгейінде қалатынын мәлімдеді.