Кәрім Мәсімовтің құны 1,8 млрд теңге болатын Астанадағы үйі сатылымға шықты

Кәрім Мәсімовтің құны 1,8 млрд теңге болатын Астанадағы үйі сатылымға шығарылды. Электронды сауда алаңы порталында Нұра ауданының, Ерейментау -1 мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үйге аукцион жарияланған. Сауда-саттыққа Қайтарылған активтерді басқару Компаниясы ұсынып отыр.

Порталда көрсетілген ақапаратқа сүйенсек, тұрғын үйдің бастапқы бағасы 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы 117,9 млн теңге болады. Нысанның жалпы ауданы 2877,7 шаршы метр. Сауда-саттық 25 ақпанда сағат 10:00-де өтеді деп жоспарлануда.

Аукционға шығарылған фотосуреттер 2022 жылы Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін, ҰҚК-нің жариялаған кадрларымен сәйкес келеді. Үш жыл бұрын Мәсімов ұсталғаннан кейін, осы зәулім сарайдан 17,2 млн доллар, алтын құймалары, элиталық сағаттар, антиквариат табылған еді. Сондай-ақ 11 бизнес-класс автокөлігі тәркіленген болатын.

«Мүліктеріне – Нұр-Сұлтан қаласында екі элиталық пәтер, Алматы қаласында 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды. Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн. АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды»,- деп хабарлаған еді ҰҚК.

2023 жылдың сәуір айында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов та бас бостандығынан айырылды.
Кәрім Мәсімов 2022 жылдың қаңтар айының басында ұсталған. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» деп танылды. Кәрім Мәсімов Қазақстандағы Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы деп танылды. Ол кезде құрбан болғандар 238 қазақстандық болатын.