Баспана бағасындағы өзгерістер: 2025 жылы баға қалай құбылады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
2025 жылы баға баспана бағасы қалай құбылады/Фото: KursivMedia

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы қаңтардағы тұрғын үй нарығындағы орташа баға туралы статистиканы жариялады.

Бюро мәліметінше, қаңтар айында жаңа пәтерлердің орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 499,9 мың теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары.

Ең үлкен қымбатшылық үш ірі мегаполисте емес, Павлодарда (13,8%) тіркелген. Ол жақта пәтердің шаршы метрі орташа 396,3 мың теңгеден сатылған. Үштікке Актөбе – 13,6% (288,2 мың теңге) және Көкшетау – 13,4% (325,1 мың теңге) енген.

Астанадада пәтерлердің шаршы метрі орта есеппен 581,2 мың теңгеден сатылса, (+5,6%), Алматыда – 582,1 мың теңге (+1,4%), Шымкентте – 462,1 мың теңге (+6,2%). Атырауда керісінше, баға 4,1%-ға арзандап, 484,9 мың теңгені құраған.  

Екінші нарықтағы пәтер бағасының өсімі 6,1%-ға жетіп, 1 шаршы метрі үшін орташа есеппен 526,7 мың теңгені көрсеткен.

2025 жылы баспана бағасы қалай өзгереді

Баспана мәселесі бойынша сарапшы Қайрат Қожанов KursivMedia-ға берген сұхбатында 2025 жылы баспана бағасы қымбаттай түсетінін айтты.

Оның сөзінше, әуелі Қазақстан импортты азайтпаса, үй бағасы шарықтай береді. Өйткені құрылыс материалдарының 80%-ы сырттан әкелінеді. Одан кейін бағаның өсіміне баспанаға деген үлкен сұраныс себеп. Ол бірнеше фактордан көрініс табады.

«Екіншіден бізде, урбанизация қатты жүріп, қаладағы үйлердің бағасына сұраныс артқан үстіне артып жатыр. Үшіншіден қазір туу көрсеткіші жоғары. Мемлекет 4 баласы барларды көпбалалылар санатына жатқызып, дұрыс мотивация беріп отыр. Инфляция деңгейі жыл сайын артып жатқандықтан, тұрғын үй саласында да баға бір орында тұрмайды. Бұл да тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер етеді», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде баспана алуды үйрететін блогерлердің көбеюі де сұранысқа аз да болса ықпал етенін қоса кетті.

Сарапшы үй бағасының қымбатшылығы, әсіресе, экономикалық тұрғыда тартымды Алматыда өсе береді деп санайды.

Алдағы уақытта баспанаға деген сұраныс арта түспек. Өйткені «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша пәтер алған жастардың алғашқы легінің мерзімі аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыз