Доллар 551 теңгеге дейін көтеріліп, инфляция қарқын алады – қаржыгерлер

Жарияланды (жаңартылды )
Доллар бағамы артып, инфляция қарқыны күшейеді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Милош Муратовксий

Бір айдан соң доллар бағамы 513,9 теңгені құрап, бір жылдан соң көрсеткіш 551,2 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам жасалып отыр. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылардан алған сауалнама қорытындысында жазылған.

Мұнай бағасы арзандайды

Қаржыгерлер болжамына сәйкес, доллардың қымбаттауына әлемдік шикізат жеткізілімінің біршама жақсаруы және әлемдік экономиканың баяулауы әсер етуі мүмкін. Салдарынан Brent маркалы мұнайдың бір жылда күтілетін орташа бағасының бір барреліне 69,3 долларға дейін төмендеуі күтіледі. Ал бұған дейін мұнайдың орташа бағамы 73,6 доллар болады деп болжанған. Ал бюджетте бұл көрсеткіш 75 доллар деңгейінде бекітілген.

Ал инфляция бұрын болжанған 9,4%-дан 10,6%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл болжамға салық жүйесіне енгізілетін реформалар мен ай сайынға инфляцияның қарқын алуы әсер еткен.

Инфляцияның қарқын алуы базалық мөлшерлемені түсіруге кедергі болады

Бұл жағдай, базалық мөлшерлемені төмендетуге кедергі болатыны айтылады.

«Бақыланатын және күтілетін инфляцияның ұлғаюы базалық мөлшерлеменің жоғарылауына әкелуі және ақша-несие жағдайының қалыпқа келуін ұзақ мерзімге кешіктіруі мүмкін», – делінген қауымдастық есебінде.

Осы орайда суалнамаға қатысқан сарапшылардың 37%-ы 7 наурыздағы отырыста реттеушінің базалық мөлшерлемені көтеретінін болжаған. Ал қалған көпшілік базалық мөлшерлеме өзгермейді деп болжайды.

Қаржыгерлер пікірінше, нарықта қалыптасқан жағдай алдағы 12 айда базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Солайша бір жыл ішінде оның мәні 14,5%-ды құрайды. Ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 14% болады деп болжанған. Осылайша, экономикадағы нақты мөлшерлеме қазіргі ең жоғары 6,35%-дан 3,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Осы жағдайлардың барлығы елдің экономикалық өсіміне теріс әсер ететіні анық.

«Мұнай бағасының төмендеуі, қатаң қаржылық жағдайлар және ағымдағы жылдың жоғары базалық әсері 12 айдағы ЖІӨ динамикасына теріс әсер етуі мүмкін. Бір жылдағы ЖІӨ өсімінің болжамы бір ай бұрынғы 4,3%-дан 4,1%-ға дейін төмендеді», – делінген есепте.

Сондай-ақ оқыңыз