Үкімет қосылған құн салығын 16%-ға көтермекші. Басқа қандай өзгеріс ұсынылды?

Жарияланды (жаңартылды )
Үкімет президент ескертпесінен кейін қосылған құны салығын 16%-дан асырмайтын болды / Фото: kursiv.media архив

Үкімет қосылған құн салығын 16%-ға көтеруді ұсынып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚҚС 0-ден 16%-ға дейін

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қаржы министрі Мәди Такиев және Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, салық реформасы шеңберінде ҚҚС-тің сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылаған.

«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», – деп мәлімдеген Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

ҚҚС төлеуден кімдер босатылады?

Қолданыстағы кодекске сәйкес, аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. Ал заңды тұлғаларға жеңілдіктер қарастырылып, бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлеп келген. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, олардың ешқайсысы да ҚҚС төлемейді. Сонымен бірге кейбір кәсіп түрлеріне 10% мөлшерлеме қолданылатын болады. Бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр.

«Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ кездесу барысында жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимі де талқыланған. Қатысушылар кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтауды ұсынған. Бұл режимді тек B2C сегментінде жүзеге асыру мәселесі де пысықталған.

«Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4% мөлшерлемесі сақталады», – делінген Үкімет хабарламасында.

Президент ескертпесі

Үкіметтің салық көлемін 16% деңгейіне көтеру туралы шешіміне Қасым-Жомарт Тоқаевтың салық жүйесін пысықтау жөніндегі ескертпесі әсер еткен. Ол кезде президент салық мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтып, бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауды тапсырған еді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстардың бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың және барлық нарық қатысушыларының пікірі ескеріле отырып жүргізілуі тиіс екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз