Картоп үсіп жатса, шаруалар өздері кінәлі – Ауыл шаруашылығы министрі

Жарияланды
Қазақстандағы картоп экспорты қандай / Фото: shutterstock

Картоп үсіп жатса, шаруалар өздері жауапты болу керек. Мемлекет тарапынан оларға барлық жағдай жасалып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осылай дейді.

Қаңтар соңында журналистер тонналап картоп тиеген жүк көліктері Өзбекстан шекарасына өте алмай тұрғанын жазған еді. Тіпті картоптар суықтан үси бастаған. Ашынған фермерлер шекарада ұзақ ұстап қалған шенеуніктерді сотқа береміз деген. Ауыл шаруашылығы министрі Сапаровтың сөзінше, қазір сол шаруалардың еш шағымы жоқ.

«Сіздер айтқандай картоп Өзбекстанмен шекарада тұрды. Ол мәселе шешілді. Тек біздің тыйым ғана емес. Декларациялағанда шот-фактурада көрсетілген баға төмен болды. Оны тексеру үшін уақыт кетті. Бірақ әркім (шаруалар -ред.) өз картобын Өзбекстанға шығарды. Ешқандай шағымымыз жоқ деп қолдарын қойды», – деді журналистерге Айдарбек Сапаров.

Бірақ ведомство басшысы картоп үсіп, жарамсыз болып жатса, ол алдымен шаруалардың жауапкершілігі екенін айтып отыр.

«Картоп үсіп кетсе, шаруалардың өздеріне байланысты. Бүкіл жағдай оларға жасалған, картоп өсіру үшін қолдау беріп жатырмыз. Субсидия бар, тұқымы бар, беріп жатырмыз. Әрбір шаруашылық өз жұмысына жауапкершілікпен қарау керек. Барлығын мемлекет мойнына іліп қоюға болмайды», – дейді министр.

Қазақстан қанша картоп өндіреді?

Министрлік мәліметінше, биыл елде 2,6 млн тонна картоп жиналған. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

«Биылғы жылы 2,6 млн тонна картоп жиналды. Біздің қажеттілігіміз – 2 млн тонна. 10 жыл ішінде болмаған экспорт жасадық. 665 мың тонна, Сұраныс жақсы болды. Өзбекстанда 400 мың тонна жетіспеді, бізден әкетіп жатқан солар», – деп түсіндірді Сапаров.

Оның сөзіне сенсек, картоп үсіді дегенді ескермесек, былтыр шаруалар үшін табысты жыл болған көрінеді. «Бірінші рет осындай болып жатқаны, фермерлерге еңбегінен жақсы табыс тапты», – деді Сапаров.

Дегенмен картоп бағасына қатысты да әлі де мәселе бар екенін мойындап, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Ресми стастистикаға сүйенсек, бір жыл ішінде елдегі картоп бағасы 57,8%-ға өскен. Осы жылдың басында оның бағасы тағы да 14,3%-ға қымбаттаған. Әсіресе, Астана, Алматы, Атырау, Семей және Өскемен қалаларында баға өзгерісі қатты байқалды.

Сондай-ақ оқыңыз