Әлия Назарбаеваның үстінен АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария билігіне шағым түсті

Жарияланды
Олар Маргерет Хоч атына да арыз жазған/фото: KursivMedia мұрағаты/ Әлия Назарбаева

Әлия Назарбаеваның үстінен АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария билігіне рейдерлік әрекет бойынша шағым түсті. Бұған бұрынғы президент Назарбаевтың кіші қызының 2003 жылы Нұрлан Бимұрзин мен Медғат Қалиевтің дүние-мүлігін тартып алуы себеп болып отыр.

Бимұрзин әлде біреулердің үйін торып жүргенін, бұл іске Әлия Назарбаеваның қатысы болуы мүмкін екенін де айтқан еді.

АҚШ-тың әділет министрлігі не деген?

Нұрлан Бимұрзиннің айтуынша, АҚШ-тың әділет министрлігінің өкілдері Қазақстан кәсіпкерлерінің арызы тіркелгенін алға тартып, жақын арада шақырту жіберуге уәде берген.

«2024 жылы құжаттарды жинап, дәлелдерімізді дайындадық. Сол жылы АҚШ-тың әділет министрлігіне арыз жіберген едік. Біздің жеке лобистіміз арқылы олар қайта хабарласты. Ұлықтау рәсімі өтіп, жаңа адамдардың билікке келіп жатқанын, жаңа президент аппараты құрылғанын айтты», – дейді Бимұрзин.

Ұлыбритания мен Швейцарияға жазылған арыз-хат

Оның сөзіне қарағанда, олар Ұлыбританияға – Маргерет Хоч атына арыз жазған.

«Ол кісі – лордтар палатасының мүшесі, клиптократтарға қарсы қызмет атқарып жүрген адам. Швейцарияның бас прокуратурасына – Берн қаласындағы Стефан Блаттлерге атына да арыз жаздық. Енді жауап күтеміз», – дейді кәсіпкер.

Енді Әлия Назарбаеваның үстінен түсірген шағымы бойынша, кәсіпкерлер алдымен Еуропаға, содан кейін АҚШ-қа бармақ.

Бимұрзиннің сөзіне қарағанда, қолдарында дәлелі болса да,  Қазақстанда полиция да, прокуратура да қылмыстық іс қозғауға рұқсат бермеген.

Оқиға қалай болған?

Шағым түсіруге рейдерлік әрекет түрткі болғанын айтады.

«ГПК АЗИЯ» атты жекеменшік сауда-өнеркәсіптік компаниямыз болды. Оның ішінде жанармай бекеттері, сегіз мұнай базасы болған. 2003 жылы қараша айында бізден бәрін тартып алды. Мен үлесімді Әлия Назарбаеваға 18 млн 125 мың теңге сатуға мәжбүр болдым. Медғат Қалиев «сыйлық» шартымен беріп жіберді. Мұның да түпнұсқа құжаттары бар», – дейді Бимұрзин.

Оның сөзіне қарағанда, Әлия Назарбаеваның адамдары Медғаттың үйіне барып қоқан-лоққы көрсеткен.

«Менің әкемді Алматының Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында екі микроавтобуспен келіп, ұстап әкетті. Әкемді «Екі ұлың бар, отбасың үшін қорықпайсың ба?» деп қорқытқан. Әкем балаларына тимеуді, керек құжаттарға қол қоятынын айтқан», – дейді кәсіпкер.  

Әлия Назарбаеваның үстінен арыз түсірген Бимұрзин заң бойынша әділдік орнауы тиіс деп есептейді.

Мұның алдында Әлия Назарбаева қазақстандық кәсіпкерлер – Нұрлан Бимұрзин мен Медғат Қалиевтің үстінен «жала жапты» деп сотқа шағым түсіргенмен, сотта жеңілген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз