Назарбаевтың немересі «Транстелеком» басшылығынан кетті
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/transtelekom-nurali-aliev-1024x576.png)
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев «Транстелеком» АҚ Директорлар кеңесінің басқарма төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парағында 12 ақпанға қараған түні жазды.
Басшылықтан кету себебі не?
Экс-сенатор Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің ұлы ұзақ уақыт істеген орыннан кетуіне компанияның сатылуы себеп болғанын айтты.
«Транстелекомның» сатылуына байланысты мен он жылдан аса жұмыс істеген компанияның акционерлер құрамынан шығып, директорлар кеңесінің басқарма төрағасы қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Жеке басыма да, керемет даму жолынан өткен компания үшін де маңызды кезең болды», – деп жазды Әлиев.
40 жастағы Нұрәли «Транстелекомға» 2013 жылы, яғни 29 жасында президент болып келген. Ол өзі басқарған жылдары компанияның таза табысы 290%-ға, яғни 4,8 млрд теңгеден 18,7 млрд теңгеге дейін өскені туралы есеп берді.
«Транстелеком» кімге бұйырады?
Әлиев осы қызметтен кеткеннен кейін, немен шұғылданатыны, сонымен бірге «Транстелекомды» кім сатып алатыны туралы да ештеңе жазбады.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, 2024 жылғы наурызда «Транстелеком» мен Freedom Telecom сауда келісіміне отырған. Мәліметтерге қарағанда, сол кезде сатып алушы сатушыдан жеті мәлімет өңдеу орталығын алған.
«Транстелеком» 1998 жылы мемлекеттік кәсіпорын ретінде құрылып, 2004 жылы акционерлік қоғамға айналды. Компания телекоммуникация және IT қызметтерін, құрылыс-монтаждау, сонымен бірге жобалау және тәркілеу жұмыстарын атқарады. Оның республика бойынша 14 филиалы болған.
2019 жылы компания акцияларының 75%-ын Нұрәли Әлиевке тиесілі Unit Telecom сатып алған. Қалған 25%-ы «Самрұқ-Қазынаға» қарасты «Қазақстан темір жолына» тиесілі.
Forbes.kz нұсқасы бойынша, Нұрәли Әлиев Қазақстанның бай кәсіпкерлер тізімінде 41-орында тұр. Оның дәулеті 220 млн долларға бағаланды. Capital Holding пен Darmen Holding компаниялары соған тиесілі. Бұған қоса Нұрәлидің Дубай мен Алматыда Donatello Hotels and Resorts қонақүйлері, сонымен бірге Алматы мен Астанада бірнеше мейрамханасы бар.