Қостанай қаласының әкімдігі көпбалалы анаға берген үйін қайтарып алған

Жарияланды
Үй кезегі
Көпбалалы ана баспанасынан да, тұрғын үй кезегінен де айырылған / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанай қаласының әкімдігі көпбалалы анаға үй кезегі бойынша баспана беріп, 3 ай өткенде кері қайтарып алған. Нәтижесінде, 5 балалы ана үйден де, тұрғын үй кезегінен де айырылып қалған. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселенің мән-жайы

Жоғарғы соттың хабарлауынша, 5 балалы отбасы 2009 жылы аз қамтылған және халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрған. Ол кезде отбасындағы балалардың жасы 1 мен 22 жас аралығында болған. Арада 10 жыл өткен соң, отбасының кезегі келіп, әкімдіктен үй берілген.

Әкімдік неге үйді қайтарып алды?

Баспана берілген соң, 3 ай өткенде Қостанай қаласы Тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері келіп, қате кеткенін алға тартып, үйді қайтарып алған. Әкімдік адамдары орнына басқа пәтер береміз деп сендірген. Солайша пәтер әкімдікке қайтарылған.

Алайда отбасы тек пәтерден ғана емес, сонымен бірге тұрғын үй кезегінен де шығарылған. Бұл туралы көпбалалы ана 2024 жылы бірақ білген. Отбасы үй кезегінен 2019 жылы ескертусіз шығарылған. Ал Тұрғын үй қатынастары бөлімі кезекке қайта қою мәселесі тек сот шешімімен жүзеге асатынын хабарлап кезекке қоюдан бас тартқан.

Сот үкімі

Сот Тұрғын үй қатынастары бөлімінің көпбалалы ананың кезегін қалпына келтіру туралы өтінішін қабылдамағанын заңсыз деп тапқан. Сонымен бірге аталмыш азаматты кезектен шығару рәсімінің де заңсыз жүргізілгені белгілі болған.

«Тұрғын үй қатынастары бөлімінің өтініш берушіні кезекке қалпына келтіруден бас тартуын заңсыз деп санады, талап қоюшыны кезектен шығару кезінде іс жүргізу бұзушылық рәсімдері анықталды, нәтижесінде бас тарту заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сот жауапкердің заңбұзушылықтарына назар аудара отырып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың қайталанбауы үшін Қостанай қаласының әкіміне жеке ұйғарым шығарды», – делінген сот жауабында.

 Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, KursivMedia басылымы 2025 жылы қандай ипотекалық бағдарламалар бойынша үй алуға болатынын тізіп шыққан болатын. Толық ақпаратпен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз