Тұрғын үйлерде ереже бұзғаны үшін қандай айыппұл салыну мүмкін
Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын азаматтар үшін ортақ ережелер мен тыйымдар бар. Бұл ережелер көршілер арасындағы сыйластықты сақтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. KursivMedia негізгі тыйымдар мен оларды бұзған жағдайда қолданылатын айыппұлдар туралы жазды:
Қоқысты кіреберіске шығару
Пәтер есігінің алдына немесе кіреберіске қоқыс пакеттерін қоюға тыйым салынады. Бұл әрекет «Қоғамдық орындарды ластау» бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Айыппұл мөлшері 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни 39 320 теңгеден 78 640 теңгеге дейін болуы мүмкін.
Темекі қалдықтарын лақтыру және кіреберісте темекі шегу
Темекі қалдықтарын терезеден немесе балконнан лақтыру, сондай-ақ кіреберісте темекі шегу заңмен тыйым салынған. Бұл әрекеттер үшін де 10-нан 20 АЕК 39 320 теңгеден 78 640 теңгеге дейін айыппұл салынады.
Қоғамдық тыныштықты бұзу
Түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін) қатты шу шығару, музыканы қатты қою, жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты әрекеттерге тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Ортақ мүлікті бүлдіру
Кіреберістегі қабырғаларды бояу, лифтіні зақымдау, есіктерді сындыру сияқты ортақ мүлікке зиян келтіру әрекеттері үшін 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынады.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу
Кіреберісте немесе баспалдақ алаңдарында жанғыш материалдарды сақтау, эвакуациялық жолдарды жабу сияқты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу заңмен қудаланады. Айыппұл мөлшері 5 АЕК-тен (19 660 теңге) басталады.
Үй жануарларын ұстау ережелерін сақтамау
Иттер мен мысықтарды кіреберісте немесе ортақ аумақтарда қараусыз қалдыру, серуендеу кезінде оларды қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз ұстау, жануарлардың қалдықтарын тазаламау сияқты әрекеттерге тыйым салынады. Бұл үшін 3 АЕК (11 796 теңге) айыппұл салынады.