Қаңтардағы ҰБТ: Физиканы таңдаған оқушылардың үштен екісі сынақтан сүрінген

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Физиканы таңдаған оқушылардың үштен екісі сынақтан сүрінген/Фото: shutterstock

Ғылым және жоғары білім министрлігі қаңтардағы ҰБТ аяқталғанын, оны 164 мыңға жуық талапкер тапсырғанын хабарлады.

Тіл бойынша бөлініс

Талапкерлердің 76,81%-ы тестілеуден қазақ тілінде, 23,14%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде өткен.

Орташа балл мен бейіндік пәндер

Шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинаған. Орташа балл 65,81-ді құраған. Ең жоғары балл – 139. Жалпы 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,5%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 17,27% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,29% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 197 адам тапсырған.

«2025 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орындаған» делінген министрлік хабарламасында.

Тәртіп бұзған жағдайлар

ҰБТ өткізу барысында 197 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 96 адам шығарылды.

Ескерте кетейік, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

Бұдан бөлек аралық тестілеу қорытындысы бойынша педагогикалық саланы таңдаған оқушылардың жартысы ғана шекті балл жинаған.

Бұған дейін қаңтардағы ҰБТ-ның аралық қорытындысы бойынша қазақ тілінде тапсырушылар санында соңғы бес жылдағы жоғары көрсеткіш байқалғанын хабарланған. Ол кезде қазақ тілінде тапсырғандар үлесі 78,7%-ды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз