Ресейдегі су қоймасынан Жайық өзеніне әдеттегіден екі есе көп су жіберіледі
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/iriklinskoe-vodohranilishhe-1024x576.png)
14 ақпаннан бастап, Ресейдегі Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне әдеттегіден 2 есеге көп су жібере бастайды. Бұл туралы Батыс Қазақстандағы «Қазсушар» РМК облыстық бөлімшесінің директоры Рауан Құсайынов хабарлаған.
«Қазсушар» мәліметінше, қазіргі уақытта Жайыққа секундына 60 текше метр су жіберіліп отыр. Ал ақпанның ортасынан бастап, бұл көлем екі есе артып, 110 текше метрге дейін артады.
Мамандардың айтуынша, жіберілетін су көлемі елдімекендерді су басу қаупі төнген жағдайда ғана артатынын айтады. Қазіргі уақытта Жайық өзеніндегі су деңгейі 157 см құрайды. Қауіпті деңгей 850 см. «Қазсушар» мамандары Ресейдегі су қоймасынан келетін су өңірдегі елдімекендерге қауіп төндірмейді деп сендіреді.
Десе де, Ресейден 14 ақпанда жіберілетін су Қазақстанға бір айда жетеді. Яғни бұл шамамен наурыз айының ортасы. Ол кезде елде де күн жылып, қар ери бастайды. Соған қарамастан, Рауан Құсайынов Жайықта су деңгейі көтеріле қоймайтынын айтты.
«Ирикла су қоймасынан судың Орал қаласына дейін жететін уақыты шамамен 25-30 күнді құрайды. Яғни, 14 ақпаннан бастап көбейетін су, бізге наурыздың ортасында бірақ келеді. Ол уақытта елде де күн жылынады. Бірақ бұл көлем Жайық өзенінде су деңгейінің айтарлықтай өсуіне алып келмейді», – деді ол.