Құрылымдық реформалар қажет: халықаралық сарапшылар Қазақстан үкіметіне не ұсынып отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан экономикасына қатысты халықаралық сарапшылар не ұсынады / Фото: shutterstock

2025 жылы Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанға қатысты есебін жариялады. Қос ұйым да ел экономикасына құрылымдық реформалар қажет деп тұжырымдайды.

ХВҚ мен ДБ 2024 жылы Қазақстан экономикасының өсуін оң бағалап, ақша-несие саясатының тиімділігін және банк секторындағы тұрақтылықты атап өткен. 2025 жылы қысқа мерзімді өсімнің жеделдеуі, инфляцияның баяу төмендеуі және бюджет тапшылығының сақталуы күтілуде. Дегенмен геосаяси тұрақсыздық, құрылымдық мәселелер мен экономиканың әртараптандырылмауы ұзақ мерзімді тұрақты даму үшін қауіп төндіруі мүмкін.

Экономиканың өсіміне қатысты болжам қандай?

ХВҚ бағалауы бойынша, 2024 жылы ЖІӨ өсімі 4,0%-ды құрап, 2025 жылы 5,0%-ға дейін артуы мүмкін. Бұл өсім бюджет шығындарының артуы мен мұнай өндірудің артуымен байланысты. Егер қажетті реформалар жүргізілмесе, орта мерзімді перспективада өсім 3,0-3,5% деңгейінде қалып қоюы ықтимал.

ДБ болжамы бойынша, Қазақстан экономикасының 2024 жылғы өсімі 4,0%-ды құрайды, ал 2025 жылы мұнай өндіру көлемінің артуына байланысты өсім 4,7%-ға дейін жылдамдауы мүмкін. Алайда 2025 жылдан кейін экономикалық өсім қайтадан 3,0–3,5% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін.

Halyk finance сарапшыларының болжамына сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 5,3%-ды құрайды. Бұл негізінен мұнай өндірісінің 87 млн тоннадан 96-99 млн тоннаға дейін артуымен байланысты.

Ақша-несие саясаты және инфляция

ХВҚ мен ДБ Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-несие саясатының тиімділігін атап өтті. Алайда ХВҚ болжамына сәйкес, инфляцияның 5%-дық мақсатты деңгейіне тек 2028 жылға қарай жетуі мүмкін. Инфляцияның жоғары болуына ішкі сұраныстың артуы, коммуналдық қызметтер тарифтерінің көтерілуі және теңгенің құбылмалылығы әсер етуде.

Ал дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2025 жылы инфляция 7,5–8,0% деңгейінде, ал 2026 жылы 6,0% деңгейінде болады.

Бюджет және салық саясаты

ХВҚ мен ДБ Қазақстанның фискалдық саясатының тұрақтылығы мәселелеріне назар аударды. ХВҚ пікірінше, бюджет дұрыс жоспарланбай, кейінгі жылдары Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге тәуелділік арта түсті. ДБ де бюджет кірістерінің тұрақсыздығы мен Ұлттық қорға шамадан тыс жүктемені атап өтеді. Бұл ұзақ мерзімді қаржы тұрақтылығына кері әсер етеді.

Қаржы секторы және несие беру

ХВҚ Қазақстан банк секторының тұрақтылығын атап өтсе де, тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуі белгілі бір тәуекелдер тудыратынын ескертеді. ДБ да несие беру қызметінің негізінен үй шаруашылықтарына бағытталғанын, ал бизнеске несие беру деңгейі төмен екенін атап өтті. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Реформа қажет

ХВҚ Қазақстанның халықаралық интеграцияны кеңейтуі мен протекционистік шараларды азайтуын қолдайды. Ұйым мемлекеттің экономикадағы рөлін қысқартып, нарықтық реформаларды тереңдету қажеттігін атап өтті. ДБ де экономикалық әртараптандыру, бюджет реформалары және жаңа өсу драйверлерін қалыптастыру қажеттілігіне басымдық береді.

«Біз осы ұсыныстармен келісеміз және Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен өсуі үшін реформаларды батыл және жедел жүзеге асыру қажет деп есептейміз. Мемлекеттің экономикаға араласуын азайту, бюджеттік тәртіпті күшейту және нарықтық реформаларды тереңдету – тұрақты дамудың негізгі факторлары», – деп атап өтті Halyk finance мамандары.

Сондай-ақ оқыңыз