Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді
![Тоқаев](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2023/08/tokaev-1024x724.jpg)
Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді. Перзидент бұл туралы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап, жастармен кездескен сәтінде айтқан.
Президент елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығына тоқтала келе, Украинадағы жағдайдың реттелуіне жол ашатын саяси процестердің іске қосылғанын атап өткен.
«Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз», – деді Президент.
Президент қандай саяси үрдіс туралы айтып отыр?
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Владимир Путин және Владимир Зеленскиймен сұхбаттасқанын меңзеп отыр. Өйткені әлем жұртшылығы АҚШ президентінің бұл шиеленісті шешуге қандай қадам жасайтынын сырттай бақылауда.
9 ақпанда Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Трамп Путиннің адам өлімін тоқтатқысы келетінін және Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға арналған нақты жоспары бар екенін мәлімдеген.
Ал 13 ақпанда АҚШ президенті мен Зеленскийдің бір сағатқа жуық телефон арқылы сөйлескені туралы ақпарат тарады. Украина басшысы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылап, оны жүзеге асыруда командалық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенінен мәлімдеген. Сонымен бірге Трамп әңгіме барысында Украинада дрондар мен басқа да заманауи өндіріс нысандарын ашу мәселесін де тілге тиек еткен.
Өз сұхбатында Трамп Украинаның НАТО-ға кіруін орынды шешім деп санамайтынын жеткізген. Бұл идеяны жүзеге асуы екіталай және тиімсіз деп бағалаған.