Отыз жылда алғаш рет шетелдік мұнай компаниялары депутаттар алдында есеп берді
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/zhangbyrshin-edil-1-1024x576.png)
Қазақстандағы мұнай кен орындарының операторлары отыз жылда алғаш рет компанияның шығындары жайлы депутаттар алдында есеп берді. Бүгін Мәжіліс отырысына Теңізшевройл компаниясының бас директоры Кевин Лайон қатысып, компаниядағы қазақстандық кәсіпкерлердің үлесі жайлы айтты.
Депутаттардың сөзінше, оператор басшыларының келіп есеп беруі отыз жылда алғаш рет болып отыр.
«Қазақстан Қазақстан болғалы үш ірі жобадағы үш трансұлттық компания – ТШО, NCOC, ҚарашығанақОперайтинг ешқашан парламентке келіп есеп берген емес. Тіпті комитеттерге де келіп, депутаттар алдында мәселе көтермеген. Алғаш рет осы процесс іске асып жатыр. Алдымен Қарашығанақ Операйтингті тыңдадық, бүгін Теңізшевройлды тыңдап отырмыз. Келесі аптада NCOC компаниясы келеді. Арғы аптада «ҚазМұнайГазды» шақырып жатырмыз «, – деді Парламент депутаты Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында
30 жылда Теңізшевройлдың шығыны қандай болды?
Теңізшевройл (ТШО) – Теңіз кен орнын игеруші ең ірі оператор. Жоба бойынша жалпы шығыны 4,21 млрд долларды құрайды. Оның ішінде 2,9 млрд доллар немесе 69%-ы қазақстандық тауарлар мен қызметтерге тиесілі. 2024 жыл бойынша:
- ТШО 580 млн долларға тауар сатып алды (оның ішінде қазақстандық үлес – 7%)
- 1,99 млрд долларға жұмыс алды (қазақстандық үлесі – 80%)
- 1,65 млрд долларды қызмет көрсетуге жұмсады (қазақстандық үлес – 78%)
Дегенмен ТШО компаниясындағы қазақстандық кәсіпкерлерді қамту үлесі азайып жатыр. Компания бас директоры Кевин Лайонның мәлімдеуінше, 2023 жылы қазақстандық үлес 70% болса, 2024 жылы 69%-ға азайған. Яғни 2017 жылдан бері тұрақты өсіп келе жатқан қазақстандық қамту үлесі алғаш рет 2024 жылы төмендеген.
ТШО-дағы қазақстандық кәсіпкерлер үлесін қалай көбейтеді?
Алдағы міндет – компанияға тауар мен қызмет көрсететін қазақстандық кәсіпкерлер үлесін көбейту. Энергетика министрлігі 2025 жылы бұл көрсеткіш 67%-ға, 2026 жылы 72%-ға. Ал 2029-2033 жылдары 75%-ға жеткіземіз деп жоспарлап отыр.
Осы мақсат үшін 2024 жылдан бастап Теңіз жобасы бойынша тендерлік рәсімдерге арнайы өзгерістер енгізілген. Жергілікті өндірушілер үшін жеңілдіктер көбейтілді. Енді:
- ТШО талаптары мен өлшемдеріне сәйкес келетін мердігерлер бар болған жағдайда, қазақстандық тендер тек отандық кәсіпкерлерге ғана жүргізіледі
- тауарлар бойынша 3 және одан көп отандық тауар өндірушілер болған кезде, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша 5 және одан көп отандық жеткізушілер болған кезде жүргізілетін болады.
Үкімет отандық кәсіпорындардың шетелдік компаниялардың сатып алуына көбірек қатысуына мүдделі. Бірақ отандық бизнестің барлығы бірдей халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын емес. Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығы 200-ден астам өнеркәсіптерді аралап, талдау жүргізген. Нәтижесінде олардың тек 40-қа жуығы ғана жоғары сұранысқа ие тауарды өндіреді.