Мопедті тіркеу үшін не істеу керек? Тіркелмегендерге қандай жауапкершілік қарастырылған?
![мопед](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2023/10/19-6-1024x576.jpg)
Қазақстанда мопед жүргізушілерге көлік құралдарын тіркеу заңмен міндеттелді. Осыған орай Ішкі істер министрлігі мопедті тіркеу ережелерін ұсынды.
Мопед тіркеу үшін қажетті құжаттар тізімі
Көлік құралын тіркеуден өткізуге көп құқжат керек емес. Тек жеке куәлік пен мопедтің техникалық құжаты немесе техникалық сипаттамалары туралы мәлімет қажет болады. Осы құжаттармен өз мекенжайы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Онда тіркеуден өткізу жөнінде өтініш береді.
Тіркелген мопедке қандай құжаттар беріледі?
Тіркеуден өткен соң, мопедке мынадай құжаттар беріледі:
- Тіркеу туралы куәлік;
- Мемлекеттік нөмір.
Екі құжат үшін жүргізуші мемлекеттік баж төлеуі керек болады. Тіркеу қызметіне 0,25 АЕК (983 теңге), мопедті тіркеу туралы куәлікке 1,25 АЕК (4915 теңге), мемлекеттік нөмір үшін 1,4 АЕК (5505 теңге) төлем қарастырылған.
Құжатсыз мопедтерді қалай тіркеуге болады?
Кейде мопедтердің ешқандай құжаты болмауы мүмкін. Мұндай көлік түрлерін де тіркеуден өткізуге болады. Ондайда көлік құралын құзыретті орган тексеруден өткізіп, қажетті құжаттарын рәсімдейді.
«Егер ешқандай құжат немесе VIN-код болмаған жағдайда я болмаса қандай да бір себептерге байланысты мопедтің шығарылған жылын белгілеу мүмкін болмаса, оны Ішкі істер органдары тексеру жүргізгеннен кейін береді. Бұл ретте оны қарап-тексеру жүргізілген жыл мопедтің шығарылған жылы болып есептеледі, – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Полиция өкілі мопедтерге мемлекеттік нөмір беру қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылатынын айтады. Мұндайда жүйе нөмірді автоматты түрде таңдайды.
Мопед жүргізу үшін куәлік керек пе?
Мопед жүргізу үшін заңға сәйкес куәлік болуы керек.
«Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес мопедті басқару үшін А1 санаты бар куәлік қажет. Егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқара алады», – деп түсіндіреді полиция өкілі.
Осы орайда айта кетсек, мопед иелері көлік құралдарын 5 сәуірге дейін тіркеп үлгеруі керек. Бұл мерзімнен кейін мопедтерін тіркемегендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
«Заңға сәйкес 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілік көзделген», – дейді Әлекешев.
Мұндай құқық бұзушылық үшін 10 АЕК (39320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Мопедті тіркеуді міндеттейтін заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 3 қазанында қол қойды.