2025 жылы ҚТЖ, QazaqGaz және «Самұрық-Энерго» компанияларының IPO-сы өтеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
2025 жылы қандай компаниялардың IPO-сы өтеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы мемлекеттік үш ірі компанияның IPO-сы өтеді. Олар:  ҚТЖ, QazaqGaz және «Самұрық-Энерго». Бұл туралы «KASE: Joining Tabadul Digital Hub» форумында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып өтті.

«Бұдан басқа, компаниялардың IPO-ға шығуын ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетудің түрлі тетіктері, сондай-ақ бағалы қағаздарды ішкі орналастыру үлесін 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайту қаралып жатыр», – деді ол.

Соңғы бірнеше жылда KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және Air Astana ұлттық компанияларының IPO-сына жергілікті инвесторлардың қызығушылығы жоғары болған. Ішкі сұраныс ұсыныстан 1,5 -2 есе асып түскен.

«Қор нарығының инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, сауда-клирингтік жүйелерді толық жаңғырту жүргізілді. Клирингтің және орталық контрагенттің функциялары жеке ұйымға – капиталы шамамен 19 млн долларды құрайтын KASE клирингтік орталығына бөлінді», – деді Хаджиева.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры QazaqGaz ұлттық компаниясының IPО-сын кейінге қалдыратынын хабарлаған.

IPО-ны кейінге қалдыруға себеп – компания акцияларын жеке инвесторларға тартымды ету. Ал компанияның қазіргі қаржы және өндіріс көрсеткіші қойылатын талаптарға сай келмейді.

IPO деген не?

IPO (initial public offering) — акцияларды кез келген адам ала алатындай етіп алғаш рет жария саудаға шығару. Яғни компания биржаға акцияларын салады да, қалаған адамның оны сатып алуына рұқсат береді. IPO кезінде компания акциялар бағасына белгілі бір диапазон қойып қояды да, сол шекті сақтап сатады. IPO-дан кейін нарық қатысушылары құнды қағаздарды емін-еркін сатып алып, сата алады. Сондықтан олардың бағасы өсуі де, түсіп кетуі де мүмкін. Ал баға не нәрсеге байланысты? Баға акцияларға сұраныс пен ұсынысқа қарай қойылады. Сұраныс пен ұсынысқа бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде компания жайлы жазылған жаңалықтар да бар. Егер компания акциялары жарияланғаннан кейін қымбаттаса, онда инвесторлар IPO-дан пайда таба алады.

Сондай-ақ оқыңыз