Қорғаныс министрлігі қайтыс болған әскери қызметкер үшін 314 мың теңге төлейді
![Қайтыс болған әскери қызметкерлерге қанша қаражат төлейді?](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/11/05-6-1024x576.jpg)
Қорғаныс министрлігі қызмет бабында қайтыс болған әскери қызметкер мәйітін тасымалдауға және жерлеуге 314 560 теңге төлейді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына шыққан Қорғаныс министрлігінің қаулысында жазылған.
Бұл қаражатқа қызмет бабында қайтыс болған азаматтың мәйіті үйіне жеткізіліп, жерлеу рәсімі ұйымдастырылады және құлыптасы қойылады.
«Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілердің мәйітін тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты шығыстар айлық есептік көрсеткіштің сексен еселенген мөлшерінде белгіленсін», – делінген құжатта.
Құжат түсіндірмесінде қаулыға өзгеріс артық нақтылауды жою мақсатында енгізілгені жазылған. Қолданыстағы құжатта «әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлер» деген сөз тіркесі бар. Ал жаңа құжаттан бұл сөз тіркесі алынып тасталған.
Әскердегі өлім жағдайлары
Айта кетейік, Қазақстанда әскерилер арасында суицид жиі кездеседі. Мәселен, 2024 жылы әскерилер қатарында мұндай жағдайлар жиі болды. Бірақ Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде суицид жиілеп кетті деген ақпаратпен келіспейді. Айтуынша, 2024 жылы әскерге шақырылғандар арасында 3 суицид қана болғанын айтады. Ал басқа әскери қызметтегілердің суициді әскери қызметпен байланысты емес, көбінде тұрмыстық жағдаймен байланысты деп сендірді министрлік өкілі.
Депутат Константин Авершин әскери қызметкерлер арасында лудомандар саны артқанын, олардың көбінде құмар ойын кесірінен өзіне қол салатынын айтады.