Үш қазақстандық банк шетел азаматтарына төлем карталарын қайта бере бастады

Жарияланды

Шетел азаматтарына төлем карталары қайта беріле бастады. Әзірге үш қазақстандық банк төлем карталарын беріп жатыр.

Интерфакс ақпаратына қарағанда, ВТБ сайтында ресми түрде жарияласа, Halyk Bank пен Kaspi Bank колл-орталықтары арқылы төлем карталарын шетелдіктерге беріп жатқанын растаған.

Қандай шарт қойылады?

Halyk Bank төлем карталарын банк бөлімшелерінен алуға болатынын алға тартқан. Ол үшін клиенттің Қазақстанда тұруға ықтиярхаты болуы тиіс.

Kaspi Bank өнімі – Kaspi Gold картасын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің азаматтары және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер рәсімдей алады. Төлем карталарын рәсімдеу аса қиын емес.

ВТБ болса, Ресейлік «Мир» төлем жүйесінің карталарын шетел азаматтарына қайта шығара бастаған. Мұндай төлем карталары халықаралық деңгейде қолданылады.

Карталардың жарамдылық мерзімі қандай?

Барлық банктерде төлем карталарының жарамдылық мерзімі – 12 ай. Алайда, дипломатиялық қызметкерлер мен инвесторларға 3 жылға дейін берілуі мүмкін.

Дейтұрғанмен, Еуразиялық банк, Нұрбанк және Home Credit Bank әлі шетел азаматтарына төлем карталарын беріп жатқан жоқ.

Қазақстан қойған шектеулер

Бұған дейін Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетел азаматтары үшін банк карталарын пайдалануға бірқатар шектеу қойған болатын. Атап айтқанда, төлем карталарының жарамдылық мерзімі 12 айдан аспауы керек.

Бір клиентке берілетін төлем карталары саны шектелді. Сонымен қатар, қатаң құжаттық тексеру талап етілді. Яғни, еңбек шарты, оқу келісімі, тұруға ықтиярхат және т.б. құжаттар болуы шарт.

Мұның алдында 2024 жылдың аяғынан бастап тоқтап қалған елшіліктер арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін беру қайта жалғасатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз