Бизнеске халал сертификатты қаншаға сатып алуға болады

Жарияланды 18 Ақпан 2025 09:30

(жаңартылды 20 Ақпан 2025 15:37)
Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Халал-сертификатты қайдан алуға болады / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Халал» сертификат – өнім шариғат заңы бойынша дайындалғанын, барлық талаптарға сай екенін білдіретін құжат. Ол тауар тек мұсылмандар ғана арналады деген сөз емес. Бизнес ортада өнімінің сапалы екенін дәлелдеу үшін де халал сертификат алады.

Қандай өнімдерге халал сертификатын алуға болады?

  • ет және ет өнімдері (сиыр, жылқы, қой, құс еті, шұжықтар, консервілер)
  • сүт өнімдері, жұмыртқа
  • кондитерлік өнімдер
  • дәмдеуіштер
  • өсімдік майы
  • су, сусын, шырын, шәй
  • дәрі-дәрмек
  • косметика және гигиена құралдары

«Халал» сертификатын алу үшін қандай талаптарға сай болу керек?

Ет өнімдері халал деген талапқа сай болу үшін малдың басын құбылаға қаратып, Алланың атымен пышақпен бауыздау керек. Басты ескеретін дүние – сойылған малдың қанын шығару. Егер жануардың қаны денесінде қалып қойса, етін бұзып жібереді, ауру қоздырғыш бактериялар да жылдам көбейіп кетеді.

«Қазіргі уақытта олардың (қасапшылардың – ред.) басым көпшілігі Құдайдың атымен бауыздамауы және пышақпен емес, малды қинап тоққа салу немесе бастан ұрып өлтіру малдың етін жарамсыз (Харам) қылады», – дейді ҚМДБ өкілдері.

Бұл талап ет өнімдеріне қатысты. Ал сусындар халал сертификатын алу үшін құрамында масайтатын заттар болмауы керек.

Тек азық-түлік өнімдері ғана емес, дәмхана, мейрамхана, қонақүй және басқа да мекемелер сертификатын ала алады. Бұл дегеніміз аталған компания қызметкерлері шариғат заңдарына сай қызмет көрсетеді дегенді білдіреді.

Қазақстанда халал сертификаты қандай ұйым береді?

Бизнесіңізге халал деген сертификат алғыңыз келсе, өтінім беруге болатын бірнеше компания бар. Олар:

  • «ҚазСтандарт» республикалық кәсіпорны
  • Қазақстандағы Халал индустрия қауымдастығы
  • Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы
  • «Halal Quality Center» ЖШС

Бұл ұйымдарда халал сертификаты бойынша жұмыс жүргізуге рұқсат беретін құжаты болуы тиіс. Ол құжатты Ұлттық аккредиттеу орталығы береді.

Халал сертификатын алу қанша тұрады?

Халал сертификатын алу компанияның бағытына, өндіретін тауарға байланысты. Сертификат беретін ұйымның тарифтері де әртүрлі болады. Мәселен, Halal Quality Center компаниясында тариф кәсіпорынның аумағына байланысты өзгереді. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпоры аумағы 200 шаршы метрге дейін болса, 300 мың теңге төлейсіз. Бір жыл өткеннен кейін сертификатты қайта создыру 200 мың теңге тұрады.

Аумағы үлкен кәсіпорындар халал сертификат үшін 700-800 мың теңгеге дейін төлейді. Дәмхана не мейрамхана аумағы 200 шаршы метрге дейін болса, сертификат алу үшін 100 мың тг, одан көп болса 200 мың теңге төлейді. Қонақүйлер халал белгісін алу үшін (аумағына қарамастан) 300 мың теңгеден бастап, бөлшек сауда нысандары 500 мың теңгеден бастап төлейді.

Егер халал деген белгіні өтірік жабыстырып қойса ше

Кәсіпкер халал сертификатын алмай жатып, оған арнаулы белгі қоя алмайды. Ондай жағдайда айыппұл салынады.

Шағын және орта бизнес иелеріне жарнаманы заңсыз пайдаланғаны үшін 393 200 – 786 400 теңге аралығында айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлер 1 млн 572 мың теңге айыппұл арқалайды.

Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнамаға сәйкес, тауарына қатысты жалған мәлімет берген шағын және орта бизнес нысандары 78 640 – 117 960 теңге аралығында айыппұл төлейді. Ал ірі кәсіпкерлер 196 600 теңге төлеуі қажет.

Халал сертификат алу үшін қандай құжаттар керек?

Халал сертификатын алу үшін жоғарыда жазған ұйымдардың біріне өтінім жібересіз. Міндетті болуы керек құжаттар тізімі төмендегідей:

  • ЖК немесе компанияны тіркеу туралы құжат
  • ұйымның құрылымдық сызбасы, технологиялық процестің әдістемесі
  • өнімнің сипаттамасы, құрамы, әзірлену жолы
  • Шикізатқа арналған спецификациялар
  • Нормативтік құжаттар (МЕМСТ-тар, нұсқаулықтар, техникалық регламенттер және т.б.)
  • Қызметкерлерді оқыту сертификаттары
  • Сапа менеджменті жүйелеріне қатысты құжаттар
  • Тұтынушылардың шағымдары мен талап-арыздары бойынша журналдар

Халал бизнес қана емес халал ипотека да бар. Ол да шариғат негізінде жұмыс істейтін бағдарлама түрі. Шарттарын толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз