Қашқындағы Ақтау қаласы әкімінің экс-орынбасары Өзбекстанда ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садвақасов Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өту кезінде ұсталғанын хабарлады. Оны өзбек шекара қызметі қолға түсірген.
Оған қатысты Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол тергеу изоляторына қамауға алынған.
Агенттік қазіргі уақытта оны Өзбекстаннан экстрадициялау бойынша материал дайындалып жатқанын жеткізді.
Тимур Садвақасовқа алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылған.
Садвақасов пен «Обуховское» кен орнында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру ісіне қатысты адвокат С.Н. Курманбаев лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдалана отырып, В.И. Долгалевқа кәсіптегі серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынған.
Алдын-ала келісім бойынша параның бірінші бөлігі ретінде 90 млн теңге алған Садвақасов пен Курманбаев қаражатты өздері иемденіп, уәде етілген міндеттемелерін орындамаған.
Садвақасов 2025 жылғы 5 ақпаннан бері іздеуде жүрген. Ол 2019 жылы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.