«Костенко» шахтасындағы апатқа байланысты 10 адамға айып тағылды

Жарияланды
Костенко шахтасында болған апатқа байланысты сот ісі басталады
Костенко шахтасында болған апатқа байланысты қылмыстық іс енді сотта қаралады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Костенко» шахтасындағы апатқа байланысты 10 адамға айып тағылып, іс сотқа жіберілген. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлады.

«Қарағанды облысының прокуратурасы Костенко шахтасында кеншілердің қаза табуына қатысты 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын Бас прокуратураның арнайы прокурорлары мен Ішкі істер министрлігінің мамандары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері жүргізген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, апатқа тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған. Жарылыс көмір шаңының белгіленген нормадан асып, шамадан тыс шоғырлану салдарынан болған. Нәтижесінде 28 кенші жарақат алып, 46 кенші қаза тапқан.

Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адамға айып тағылып, қамауға алынған.

«Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша «тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» фактісі бойынша айып тағылды. Аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – делінген хабарламада.

Бұл іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылған. Сот ісі Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотында қаралады.

Еске салайық, «ArcelorMittal» компаниясына қарасты «Костенко» шахтасында апат 2023 жылдың 28 қазанында болды.

Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды табыстады.

Сондай-ақ оқыңыз