Қазақстандықтарға инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған трансұлттық топ Арменияда ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Трансұлттық топ құрамында 5 елдің 41 азаматы бар / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандықтарды алдап келген трансұлттық қылмыстық топ Арменияда ұсталды. Олар ел азаматтарына қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынып, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырып келген.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеуінше, интернет-алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ Арменияда отырып, Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтарын алдаған.

«Олар қазақстандықтарға қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған. Тінту шаралары барысында 70-тен астам компьютерлік техника, шамамен бір килограмм алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, грузин лариі және криптовалюта әмияны тәркіленді», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Арнайы операция кезінде Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтарынан құралған қылмыстық топтың 41 мүшесі ұсталды. Қазіргі уақытта армян тарапы Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.  Екі елдің құзырлы органдары қазақстандықтарға нақты қанша шығын келгенін анықтайтын болады.

Жуырда Қазақстанның Бас прокуратурасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге қаржы пирамидасын құрған, басқарған күдіктіні Қырғызстаннан елге экстрадициялаған еді. Құзырлы мекеме мәліметінше, топ мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан аса салымшының жалпы сомасы 15 млрд теңге қаражатын заңсыз иемденген.

Сондай-ақ оқыңыз