«Транснефть»: қазақ мұнайын Каспий құбырымен тасымалдау 30%-ға қысқаруы мүмкін

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Энергетика министрлігі 8 мұнай-газ кен орнын аукционда сатты
Қазақстанның КҚК желісі арқылы мұнай экспорттау азаяды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (КҚК) желісімен мұнай айдау көрсеткіші шамамен 30%-ға қысқаруы мүмкін. «Транснефть» таратқан мәлімдемеде осылай делінген.

Ресейлік акционер өкілінің мәлімдемесінде «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына жасалған шабуыл зардаптарын жоюға екі айға жуық уақыт кететіні айтылған.

«КҚК мамандарының пікірінше, осы соққының зардаптарын жоюға 1,5 айдан 2 айға дейін уақыт кетеді. Соған байланысты Қазақстаннан мұнай айдау көрсеткіші шамамен 30 пайызға қысқаруы мүмкін», – деп мәлімдеді «Транснефть».

2024 жылы «Кропоткинская» станциясы арқылы 63 млн тоннадан аса мұнай айдалса, шикізаттың шамамен 90%-ы Қазақстан аумағынан ағып барған.

«Транснефть» мәліметінен жеті бірдей әскери дрон шабуылынан нысанның нақтай қай жері зақымданғаны мәлім болды.

«Шабуыл салдарынан нысан қатты зақымданды: шатыры құлады, мұнай бөлуші жабық құрылғы, газ турбина құрылғысы (ГТҚ), сонымен бірге кабельдер мен кабель эстакадасы, су резервуары зақымданды, 2 трансформатор, фильтр және ГТҚ-дағы өрт сөндіру жүйесі жойылды», – деп мәлімдеді компания.

Осының алдында ғана КҚК мұнай қабылдау техникалық мүмкіндігінше нақтыланып жасалған жоспарға сай жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда КҚК мұнай тасымалдау жүйесі нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы жеті бірдей әскери дрон шабуылына ұшырады. Артынша консорциум Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесімен мұнай тасымалдау шектелгенін, станция істен шыққанын хабарлады.

Каспий құбыр консорциумы Ресей, Қазақстан, АҚШ және Батыс Еуропадағы бірқатар елдердің ірі кәсіпорындарын біріктіреді.

Сондай-ақ оқыңыз