Перизат Қайраттың мүгедек балаларды оңалтуға жиналған қаражатты жымқырғаны анықталған

Қайырымдылыққа жиналған қомақты қаржыны ұрлады деген айыппен қамалған «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ісін тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлім етті.
Тергеу қашан аяқталады
«Қазіргі уақытта тергеу амалдарын аяқтап қалдық. Жуық арада тергеудің біткенін хабарлап, іс материалдарымен танысу кезеңіне өтеміз. Танысу қанша уақытқа созылатынын нақты айта алмайтын», – деді Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, іс материалдары он томнан асқан. Сот қашан өтетіні тараптардың іс материалдарымен толық танысып шығуына байланысты болмақ. Тергеу шамамен наурыз айының басында аяқталуы мүмкін.
Жаңа эпизод анықталған
Жеңіс Елемесов Перизат Қайрат қазіргі таңда алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталып отырғанын атап өтті.
«Күдікті бұған дейін су тасқынына, Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты жымқыру эпизодтары бойынша тергеліп келген. Жуырда мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашуға деп аукцион өткізіп, 22 миллион теңге жинап, оны да өз мақсатына жұмсағаны анықталды», – дейді ол.
Елемесов Перизат Қайраттан бөлек, оның анасы да күдікке ілінгенін, алайда ол қамалмағанын жеткізді.
«BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат 2024 жылғы су тасқыны кезінде зардап шеккен халыққа жиналған 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатты ұрлады деген күдікке ілінген. Қаржылық мониторинг агенттігі күдікті жымқырған қаржыны зәулім үйлер мен пәтерлер, қымбат көліктер, асыл бұйымдар мен брендтік киімдер сатып алуға, шетелде қыдыруға жаратқанын айтады.