Акцияларын кері сатып алып жатқан Air Astana-ның құнды қағаздары күрт қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Air Astana акцияларының қымбаттауына не себеп / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

18 ақпанда Лондон қор биржасында (LSE) мен Қазақстан қор биржасында (KASE) Air Astana компаниясының акциялары күрт қымбаттады.

Лондон қор биржасында әуе компаниясының акциялары 5,2%-ға өсті. Ал KASE-де бағалы қағаздар 6,1%-ға қымбаттады. Қазақстан қор биржасында компания акциялары 764 теңгеден жоғары сатылып жатыр.

Сарапшылар болжамы

Freedom Broker сарапшылары Air Astana акцияларын бұлай күрт қымбаттауына аса маңызды себеп көріп отырған жоқ. Дегенмен бұл өсімге компанияның 2024 жылғы 30 сәуірде басталған bayback бағдарламасының бірінші кезеңінің аяқталуы ықпал етуі мүмкін. Бағдарлама аясында компания 4,6 миллионнан астам акциясын 8,2 млн АҚШ долларына сатып алған.

«Бұдан бөлек, біз инвесторлардың тәуекелге деген қызығушылығы акцияларға деген теріс көзқарастан басым түседі деп күттік. Техникалық тұрғыдан алғанда, қысқа мерзімді болашақта бұл бағалы қағаздар 825 теңге деңгейіне қайта оралуы мүмкін», — деп болжайды сарапшылар.

Кері сатып алған акцияларын компания өз қызметкерлеріне бөліп бермек. Олар бұл бағалы қағаздарды компанияның қаржы есебі шыққанша сата алмайды.

Әуе компаниясы акцияларын кері сатып алу бағдарламасын IPO-ға шыққан соң екі ай өтер-өтпестен бастаған. Жалпы құны 12 млн доллардан асатын бағалы қағаздарын кері сатып алу жоспарда бар. Әуе компаниясы bayback бағдарламасын әрі қарай жалғастыруға ниетті.

Сондай-ақ оқыңыз