Кәмелетке толмағандарға TikTok пайдалануға шектеу қою керек – депутат Жанарбек Әшімжан

Жарияланды
TikTok-ты
Депутат TikTok-ты кәмелетке толмаған балаларға шектеуді ұсынды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Жанарбек Әшімжан TikTok-ты шектеуді ұсынды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында айтты.

Депутаттың мәліметінше, соңғы екі жылда платформаға 14,1 млн қазақстандық тіркелген. Платформаның негізгі тұтынушылары жастар мен санасы қалыптаспаған балалар екенін айтып, зиянды контентті шектеп, платформа жұмысын реттеуді ұсынды.

«Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр», – дейді депутат.

Шетел тәжірибесі

Айтуынша, бірнеше ел платформаға шектеу енгізген. Мысалы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok-қа ішінара немесе толық шектеу егізген. Ал Франция үкіметі жасөспірімдерге интернет пайдалануды заңмен шектеген. Аустралияда да 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға рұқсат жоқ. Осы орайда депутат Қазақстанның да осы халықаралық тәжірибені негізге алуы керек деп санайды.

«Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформаны ешкім қолданбайды», – дейді.

Депутат TikTok-қа шектеу қою мәселесін жылдам шешіп, платформаға қатысты мынадай талаптар енгізуді ұсынды:

  • TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою;
  • Қазақстанда TikTok платформасын кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қоюды және тыйым салу тетіктерін қарастыру.

Айта кетсек, мұның алдында Сенат депутаты Геннадий Шиповских те әлеуметтік желінің зиянды контенті көп екенін айтып, платформаға шектеу енгізуді сұраған. Контент сапасына қатысты талаптарды күшейтуді, youtube kids форматында желінің баламасы мен кәмелет жасына толмаған балаларға платформаға кірген жағдайда міндетті түрде face ID технологиясымен кіру тетігін енгізуді сұрады. Ал бұл талаптарды орындамаса, платформаны толықтай бұғаттауды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз