Orda тобын «Бауыржан шоудың» бандиттерінен Назарбаев құтқарып қалған

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Orda тобын «Бауыржан шоудың» бандиттерінен Назарбаев құтқарып қалған/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сахнада жүргеніне 25 жыл болған Orda тобы ширек ғасырлық шығармашылық жолы жайлы көлемді сұхбат беріп, алғаш рет көпшілік біле бермейтін оқиғалар туралы айтып берді.

Жұртшылыққа «Бауыржан шоу» театры арқылы танылған өнер ұжымына театрдан кету оңай болмаған көрінеді.

Сөздерінше, топ «Бауыржан шоуда» үш жыл істегеннен кейін, шығармашылығын дамыту үшін жеке кетуді ойлаған. Алайда театр жетекшісі Бауыржан Ибрагимов жігіттерді бірден жібергісі келмеген.

«Театрдан кетерде кәдімгідей қиындықтар болды. Бауыржан ағаға жоспарымызды айтқанда, ол кісі қарсы болды. Артынша беделді ағалар хабарласып, “бұрыштан күтіп аламыз», «жүргізбей қоямыз» деп қорқыта бастады. Бізбен бірге театрға көптеп жаңа аудитория келді. Аймақтарда концерттерге біз үшін жиналатын көрермендер болатын. Оның үстіне нөмірлердің музыкалық бөлігін толықтай жауып тұрдық. Бір сәтте осының бәрінен айырылу Бауыржан ағаға қиынға соқты”, – дейді топ мүшесі Дастан Оразбеков.

Топ мүшелерінің айтуынша, мәселені шешуге әртістердің Назарбаев әулетінің назарына ілінгені көмектескен.

«Бірде әулеттің алдында өнер көрсеттік. Біздің әндерімізден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара апамыз биледі. Осы кештен соң бізді әулеттің жиындарына шақыра бастады. Осыдан кейін бізге тиіспейтін болды. “Әулеттің назары түскен екен, сендер оларға қарсы келе алмайсыңдар» деді. Осыдан кейін бітті. Әйтпесе ол кезде Бауыржан аға үшін ешкім авторитет емес еді”,– дейді әншілер.

Әртістер мәселенің шешілуіне продюсер Алуа Қонарованың қатысы болғанын, ал Бауыржан Ибрагимовтың сол кездегі реакциясын жақсы түсінетінін жеткізіп, қазір оған еш өкпелемейтінін атап өтті.

Өнер ұжымы биыл Қазақстанның бірнеше қаласында концерт беріп, шығармашылығын аяқтайтынын мәлімдеген. Алайда әртістер кез келген уақытта қайта жина алатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз