Алматы прокурорлары Абай университетінің заңсыз сатылып кеткен оқу корпустарын қайтарды

Жарияланды
отставка
Прокуратура ҚазҰПУ-дың заңсыз сатылған оқу корпустарын қайтарды / Фото: Бас прокуратура

Алматы прокурорлары Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) заңсыз сатылып кеткен оқу корпустары мен стадионын ЖОО меншігіне қайтарды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Медеу ауданының прокуратурасы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің» мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Оқу басшылығы қандай мүлікті сатқан?

Прокуратура мәліметінше, ЖОО-ның бұрынғы басшылары оқу және тұрғын үй алаңының тапшылығына қарамастан, университетке тиесілі ғимаратты заңсыз жолмен сатып жіберген. ЖОО басшылары арнайы сауда-саттық өткізбеген және мүлікке заңға сәйкес бағалау жүргізбеген. Солайша жалпы ауданы 1500 шаршы метрден астам екі оқу корпусы жекенің қолына өтіп кеткен.

Ал кейін сатылған ғимараттардың бірін, оқу орны өз қажеттіліктері үшін жалға алып келген. Екінші ғимарат ойын-сауық мекемесіне айналып кеткен.

Стадион да коммерциялық мақсатта пайдаланылған

Бұдан бөлек, оқу орнынан тиесілі Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан алаңы 5 гектардан асатын спорт стадионы «спортты бірлесіп дамытамыз» деген жалған сылтаумен 10 жылға үшінші тұлғаларға берілген.

Бірақ стадион алаңы 5 жыл қатарынан коммерциялық мақсатта пайдаланылған. Нәтижесінде 16 мың студент дене шынықтырумен айналысу мүмкіндігінен айырылған.

«Медеу ауданы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша заңды күшіне енген сот шешімдерімен, мүлік объектілері ұлттық университетке қайтарылды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

196 мың теңгеге сатылған

Университеттің ойын-сауық мекемесіне айналып кеткен ғимараты 1997 жылы небәрі 196 мың теңгеге сатылған. Ал университетке тиесілі 26 сотық жер телімі 62 000 теңгеге сатылған.

Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткішіне жатқызылған. Сонымен бірге арзанға сатылған жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылысы саналатын «Ескі қақпа» нысаны орналасқан. Прокурорлар мұндай тарихи нысанның сату және сатып алу мәмілесін заңсыз деп тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз