«Тарифті түсірмейміз»: Tele2, Altel және Beeline монополияға қарсы агенттікпен соттасып жатыр

«Тарифті түсірмейміз» деп Tele2, Altel және Beeline монополияға қарсы агенттікпен соттасып жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылғы бағадан бөлек, 2024 жылы тарифтің қымбаттауы бойынша да тергеу жүргізуге ниетті.
Ұялы байланыс операторларынан бөлек, агенттік «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты да тергеп-тексеру бастаған.
Даудың басы
Осылайша, телефон тарифі дау-дамай тудырып отыр. «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) және «КаР-Тел» ЖШС (Beeline)-нің мобильді байланыс тарифтерін қымбаттатуы тек қана қарапайым халыққа ғана емес, мемлекеттік органдарға да ұнамай отыр. Tele2, Altel, Beeline-ге ескерту жасалды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің «байланыс операторлары өзара бәсекелесудің орнына, тарифтерді келісіп көтерді» деп күдік келтіріп, бағаны арзандатуды талап еткені мәлім. «Тарифті түсірмейміз» деп Tele2, Altel мен Beeline мемлекеттік органның үстінен сотқа шағым түсіріп отыр. Осыған орай, тарифтерді «негізсіз» көтерілгеніне қатысты тергеу тоқтатылған. Оның қайта жалғасу-жалғаспауы сот шешіміне байланысты болмақ.
«Мобайл Телеком-Сервис» не дейді?
Операторлардың өз уәжі бар. Kursiv Мedia-ға берген жауабында, Tele2, Altel байланыс қызметінің шығындарын ескеріп, тарифтерді өзі белгілей алатынын алға тартып отыр. Бұған «Байланыс туралы» заң мүмкіндік береді. Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодексте бағаны дербес белгілеуге құқығы бар екені көрсетілген.
«Тарифтік жоспарлар құнының өзгеруі оператордың желілерді дамыту мен жаңғыртуға, оларға қызмет көрсетуге және жөндеуге жұмсаған шығындарының өсуіне негізделген. Сондай-ақ тарифтер құнының өзгеруіне сыртқы факторлар – инфляция және салық жүктемесінің артуы әсер етіп жатыр», – делінген «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жауабында.
«Мобайл Телеком-Сервис» мәліметінше, олардың желісі Қазақстанның 96% елдімекенін қамтиды. Бір базалық станцияны орнатуға 100 мың АҚШ доллары жұмсалады. Доллар бағамын ескермегенде, инвестиция үнемі артып келеді. Оператордың хабарлауынша, абоненттік төлемдердің қымбаттауы тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Кселл» уәжі
«Кселл»-де бағаға қатысты ұстанымын білдірді. Тарифтердің неге көтеріліп жатқанын былай түсіндірді.
«Қазіргі экономикалық жағдайды зерттеп, желіні дамыту, қолдау шығындарын бағалағаннан кейін компания тарифтік жоспарлар бойынша тарифтерді көтеру туралы шешім қабылдайды. Өзгеріс 23 тарифтік жоспарға әсер етеді. Бұл – компанияның жалпы тарифтерінің 20%-ы. Баға орта есеппен 13%-ға өседі. Бұл 430 теңгеге тең. Баға өскенімен, абоненттік қосымша бонус-трафик қарастырылған», – дейді «Кселл» АҚ.
«Кселл» АҚ хабарлауынша, төрт жыл ішінде интернет-трафикті тұтыну 88%-ға өсіпті.
«Көп қаражат кетіп жатыр»
«Желінің тұрақты жұмысын қолдау, арналарды кеңейту үшін де көп қаражат салуға мәжбүрміз», – дейді компанияның баспасөз қызметі.
«Кселл» АҚ мәліметінше, 5G желісін салуға көп инвестиция тартылып отыр. 2020-2024 жылдар аралығында 360 млрд теңге инвестиция тартылған. Тарифтердің өсуіне инфляцияның жоғарылығы мен ұлттық валютаның әлсіреуі де қосымша ықпал етіп отыр. Сондықтан Tele2, Altel, Beeline тарифті көтеруге мәжбүр.
Дау-дамай 2023 жылы бағаның көтерілуіне қатысты басталған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі операторлардың уәжіне сенбейді. «Өзара сөз байласып бағаны көтерді» деп күдіктеніп отыр.
Органның күдігі
Монополияға қарсы органның мәліметінше, «Кселл» АҚ аталған талапты орындап, тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнын төмендеткен. Қалған екі ұялы оператор хабарламамен келіспей, оған сот тәртібінде шағым түсірген. Олар – Tele2, Altel және Beeline.
«Ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнының бір мөлшерде бірдей бағасын белгілеу әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілері анықталды. Осыған байланысты, операторларға осы белгілерді жою туралы хабарламалар жіберілді», – деп жауап берді агенттіктің баспасөз қызметі.
Қазақтелеком да нысанаға алынды
Агенттік бағаны түсіруді талап етті. Сонымен қатар «КаР-Тел» ЖШС-ның интернет жылдамдығына қатысты тарифтік пакеттерді таңдауда тұтынушылардың құқығы шектелгенін анықтады. Орган Tele2, Altel, Beeline-ге тарифті түсіруге бұйырған.
Сондай-ақ агенттік «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты да осындай заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек тариф бағасының қымбаттап жатқаны ұнамайтынын айтқан болатын.