ҚҚС салығы: Астана мен Алматы қалалары салықтың 61% қамтамасыз етіп отыр

Жарияланды
салықты доллармен
ҚҚС маңызды әрі қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан ҚҚС ставкасын 12%-дан 16%-ға көтеруді қарастыруда, бұл мемлекеттік бюджеттің кірісін арттырып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды күшейтуді мақсат етеді. Сонымен қатар салық түсімдерін ұлғайту арқылы мұнай кірістеріне тәуелділікті төмендету көзделіп отыр. Алайда өзгеріс инфляцияның өсуіне, бизнеске жүктеменің артуына және тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына алып келуі мүмкін. Салық реформасын іске асыру кезінде үкімет бизнеспен талқылау жүргізуде. Осылайша салық реформасы бүгінгі таңда экономикадағы маңызды әрі қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі болып отыр.

Инфографика : ҚҚС үлесі  республикалық бюджеттегі салықтың түсімдердің 42% құрайды

Республикалық бюджет:  салық түсімдерінде ҚҚС  салығының үлесі  42% ға жетті

Қосылған құн салығы Қазақстанның республикалық  бюджетіне түсетін негізгі салықтардың бірі. Жалпы жиналған салықтардың құрылымында ҚҚС үлесі 42%-дан асады. Бұл жанама салық жергілікті бюджеттен тыс, яғни  тікелей орталық бюджетке түседі.  Былтыр Үкімет республикалық бюджетке  7,8 трлн теңге ҚҚС салығы түседі деп жоспарлаған. Кейін бюджетті қайта қарап, оның мүмкін емес екініне көз жеткізген соң, 5,8 трлн теңгеге нақтылаған. Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше  2024 жылы республикалық  бюджетке тек 5,1 трлн теңге түскен. Бұл  – тиісті органның салықтық жоспарлаудағы қателігі. Дегенмен ҚҚС салығының  жалпы салықтық түсімдердегі үлесі 42% қалып отыр.

Инфографика: Алматы мен Астана қалалары ҚҚС төлеуші басты донор өңірлер

ҚҚС салығының 61% Алматы мен Астана қалаларынан жиналады

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше 2024 жылы Алматы қаласы республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге ҚҚС салығын аудаған. Осылайша оңтүстік астананың ҚҚС салығындағы үлесі 42%-ға жетіп отыр. Ал Астана қаласы ҚҚС салығын 970 млрд теңге көлемінде жинап берген. Бас қаланың  республикадағы үлесі 19%-ға жетіп отыр. Осылайша екі ірі қала еліміздегі ҚҚС салығының 61%-ын қамтамасыз етуде.

Инфографика: Орталық Азия елдеріндегі ҚҚС салық мөлшерлемесі

Көрші елдерде ҚҚС мөлшерлемесі қандай?

Қазақстанда 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС ставкасы 12% болып бекітіліп, содан бері өзгермей келе жатыр. Қазіргі таңда көрші елдерді ҚҚС мөлшерлемесі әрқалай.  Мәселен Ресейде  20%, Өзбекстан мен Қырғызстанда 12%, Тәжікстанда 14%. Орталық Азиядағы ең үлкен ҚҚС салығы 15% Түркіменстанда. Егер Қазақстан 2026 жылдан бастап ҚҚС салық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтерсе, Орталық Азиядағы ҚҚС салық жүктемесі ең жоғары елге айналады. 

Инфографика: Көрші елдердегі қаржы айналымдағы  шекті межесі (ҚҚС)

ҚҚС шекті межесін 78,6 миллионнан  15 миллионға түсіру бизнеске қалай  әсер етеді

Үкімет қосылған құн салығының мөлшерін 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтермек. Оған қоса, қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілер қатарына енеді. Бұл туралы Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Көрші елдерде ҚҚС  қаржы айналымы бойынша ҚҚС базаны  анықтаудағы шекті меже Ресейде 300 млн теңге, Қырғызстанда 48 млн теңге, Өзбекстанда 40 млн теңге шамасында. Яғни кәсіпорынның айналым сомасы осы мөлшерлемеден асса, ҚҚС салық төлеуші статусына шығады.

ҚҚС шекті межесінің 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі шағын кәсіпкерлерге қосымша қаржылық және әкімшілік жүктеме салады. Бұл нарықтағы бағалардың өсуіне, кәсіпкерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне және көлеңкелі экономиканың ұлғаюына әкелуі мүмкін. Мұндай өзгерістерді енгізбес бұрын, бизнеске қолдау көрсету шараларын қарастыру маңызды.

Шағын және орта бизнеске жүктеменің артуы. Бұрын ҚҚС төлеуден босатылған көптеген шағын кәсіпкерлер енді бұл салықты төлеуге мәжбүр болады. Бұл олардың шығындарын көбейтіп, рентабельділігін төмендетуі мүмкін.

Бағалардың қымбаттауы. Кәсіпкерлер қосымша салық жүктемесін өтеу үшін тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеруге мәжбүр болады, бұл түпкілікті тұтынушылар үшін қымбатшылыққа алып келеді.

Көлеңкелі экономиканың ұлғаюы. Кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін табыстарын жасырып, көлеңкелі айналымға көшуі мүмкін. Бұл салық түсімдерінің төмендеуіне және нарықтағы адал бәсекелестіктің бұзылуына әкелуі мүмкін.

Жаңа кәсіпорындардың ашылу қарқынының бәсеңдеуі. Жаңа бизнес ашқысы келетін кәсіпкерлер үшін ҚҚС жүктемесі қосымша кедергі болуы мүмкін, бұл кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне себеп болады.

Бухгалтерлік және әкімшілік шығындардың өсуі. ҚҚС төлеуші мәртебесіне ие болған шағын кәсіпкерлер қосымша есептілік жүргізуге мәжбүр болады. Бұл бухгалтерлік қызметтерге кететін шығындарды арттырады және бизнес жүргізуді күрделендіреді.

Инфографика: ҚҚС салығын көтерсе оның  қандай салдары бар?

ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі бірнеше экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға алып келуі мүмкін

Тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы

ҚҚС – тұтынушылар төлейтін жанама салық болғандықтан, оның көтерілуі тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне алып келеді. Бұл әсіресе азық-түлік, коммуналдық қызметтер, дәрі-дәрмек сияқты халықтың негізгі қажеттіліктеріне әсер етеді.

Инфляцияның артуы

ҚҚС өссе, бизнес қосымша шығындарды тұтынушыға жүктейді, бұл инфляция деңгейін жоғарылатуы мүмкін. Халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, экономикалық белсенділік баяулауы мүмкін.

Көлеңкелі экономиканың ұлғаюы

Кәсіпкерлер салық жүктемесін азайту үшін көлеңкелі экономикаға көшуі мүмкін, бұл салық түсімдерінің азаюына алып келеді. Ресми емес қызмет көрсету мен контрабандалық сауданың өсу қаупі бар.

ШОБ-қа қысымның артуы

ШОБ көбіне шектеулі қаржылық ресурстарға ие, сондықтан ҚҚС өсімі олардың рентабельділігін төмендетуі мүмкін. Кейбір кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық деңгейі артуы мүмкін.

Әлеуметтік наразылықтар мен тұрмыс деңгейінің төмендеуі

Халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары мен қызметтері қымбаттаса, әлеуметтік наразылықтар күшеюі мүмкін. Тұрмыс деңгейі төмен халық топтары (зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы отбасылар) қатты зардап шегуі мүмкін.

Инвестициялық тартымдылықтың төмендеуі

Инвесторлар жоғары салықтық жүктемеден қорқып, Қазақстан нарығына қаражат құюдан тартынып қалуы мүмкін. Бұл экономикалық өсімді тежеп, жаңа кәсіпорындар ашылу қарқынын бәсеңдетуі мүмкін.

Қорытынды

Қазақстандағы ҚҚС ставкасының 12%-дан 16%-ға көтерілуі мемлекеттік бюджетті нығайтып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды арттыруды көздейді. ҚҚС – бюджет кірістерінің маңызды бөлігі, салықтық түсімдердегі оның  үлесі 42%-дан асады. Сонымен бірге, ҚҚС шекті межесінің 78,6 миллионнан 15 миллион теңгеге төмендеуі шағын бизнеске қосымша жүктеме әкеліп, көлеңкелі экономиканың ұлғаюына себеп болуы мүмкін. Бұл өзгерістер инфляцияның артуына, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына және кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан, ҚҚС реформасы салықтық түсімдерді ұлғайтумен қатар, кәсіпкерлікке қолдау көрсететін шаралармен қатар жүруі қажет.

Сондай-ақ оқыңыз