Қазақстанға Илон Масктің Starlink спутнигіне бәсекелес компания келді

«Астана» халықаралық қаржы орталығында Amazon Kuiper Kazakhstan Limited атты жаңа компания тіркелді. Қаржы ұйымының капиталы – 480 млн теңге.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Илон Масктің Starlink спутник агенттігіне балама болатын Amazon Kuiper-дің келуі мүмкін деген еді.
Қазақстанға шетелдік спутник жүйелері не үшін керек?
Starlink, Amazon Kupier – тәрізді спутник провайдерлері шалғайдағы елдімекендерге ғаламтор тартуға мүмкіндік береді. Олардың жер орбитасына жақын аумақта спутниктері бар, сол арқылы миллиондаған адамға интернет жібереді.
Осыған дейін Цифрлық даму министрлігіндегі телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков Қазақстанда әлі де ұялы байланыс жетпеген елдімекендер бар деген еді.
«2024 жылы ешқандай интернет болмаған 324 елдімекенді 4G-мен қамтамасыз етті. Бірақ интернет әлі де тартылмаған ауылдар бар. Қазір Қазақстанда 350-ге жуық ұялы байланыссыз мекендер бар. Астана туралы айтатын болсақ, байланыс ұстамайтын 35 нүкте бар. Біз бұл мәселемен үнемі жұмыс істейміз», – деді ол журналистерге.
Халықаралық провайдерлердің спутниктері арқылы сондай интернет тартылмай қалған елдімекендерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Қазақстанда қандай спутник жүйелері жұмыс істейді?
Бұған дейін елімізге Илон Маскке тиесілі Starlink компаниясы келіп, спутниктік интернет таратқан еді. Пилоттық жоба аясында Цифрлық даму министрлігі 2024 жылы екі мыңға жуық мектепті Starlink арқылы интернетке қосты. Бірақ биыл бұл байланыс жүйесіне тыйым салу туралы мәселе көтерілді. Себеп – ұлттық қауіпсіздікке қатер.
Starlink-ты алмастыратын спутник жүйелері жоқ емес. Осы жылы қаңтарда «Астана» қаржы орталығында Spacesail Kazakhstan Limited атты компания тіркелді. Ол – спутник интернет тарататын қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниясының еншілес ұйымы. Цифрлық даму министрлігінің жоспарынша, 2025 жылы OneWeb те жұмысын бастауы тиіс.
Ашық дереккөзерге сүйенсек, Starlink-тың 3000-ға жуық, OneWeb-тің 340, ал қытайлық Shanghai Spacecom Satellite 18 спутник агенттігі бар.
Елімізде жұмысын бастап жатқан Amazon Kuiper де спутник агенттіктерін үш мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.