«Қазақмыстағы» апаттан кейін компанияларға өнеркәсіптік жабдықтарды жаңғырту міндеттеледі

«Қазақмыстағы» апаттан кейін Үкімет қауіпті өндіріспен айналысатын компанияларға техникалық жабдықтарын жаңғыртуды міндеттейді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Үкімет Президенттің тапсырмасымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды күшейтеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қандай шаралар қолға алынады?
Үкімет өнеркәсіпте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қолданады:
- Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында нысандар цифрландырылады;
- нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралады;
- өнеркәсіп қауіпсіздігі мен ғылымды дамытумен айналысатын нысандарға қойылатын талап күшейеді;
- мемлекеттік еңбек инспекторының кадрлық әлеуеті мен құқықтық мәртебесін арттыру жөніндегі талаптар қатаңдайды.
Талаптар күшейтіледі
Сонымен бірге өндірістік нысан иелеріне техникалық құрал жабдықтарын жаңғырту міндеттелмек.
«Қазіргі уақытта өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша жекелеген талаптар қайта қаралып жатыр. Осылайша, азаматтық қорғау туралы заң жобасы шеңберінде апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады, өндірістік бақылау стандарттары күшейтілуде, қауіпті өндірістік нысандар иелеріне жабдықтарды жаңарту және жаңғырту бойынша жаңа міндеттер көзделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік нысандарын паспорттауға бағытталған және апаттарды есепке алу процестерін автоматтандыратын «Е-ӨҚК» ақпараттық жүйесі іске қосылады.
«Қазақмыстағы» апат
Еске сала кетсек, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі Жомарт шахтасында 17 ақпан күні апат болып, салдарынан 7 кенші қаза тапқан болатын. Бұл оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдап, Үкіметке апаттың мән-жайын анықтап, қаза болған кеншілердің отбасына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Депутаттар қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты жеке мемлекеттік орган құруды ұсынды.