Ордалықтардың жеңісі бейнеленген картина «русофобия» үшін айыпталды

Жарияланды
Бар гәп – бұл өнер туындысының Ресейдегі Мұсылмандардың діни басқармасы ғимаратында ілінуінде / Фото: Ресейлік Мұсылмандардың діни басқарасы

Ордалықтардың жеңісі бейнеленген картина Ресейде бір аптадан бері дау-дамай тудырып отыр. Мәселе – картинаның мазмұнында ғана емес.

Lenta ақпаратына қарағанда, бар гәп – бұл өнер туындысының Ресейдегі Мұсылмандардың діни басқармасы ғимаратында ілінуінде.

Онда не бейнеленген?

Картинада 1223 жылғы Қалқа маңындағы ордалықтардың жеңісін тойлау сәті бейнеленген. Қолға түскен, мерт болған орыс князьдарын жатқызып, үстеріне тақтай қояды. Өздері тақтайға отырып, қымыз ішіп, жеңісін тойлайды.

Өнер туындысында Христостың бейнесі бар Русь әскерінің туы кілем ретінде аяқтың астына төселгені көрінеді.

Ордалықтардың жеңісі бейнеленген картина «Қалқа» деп аталады. Авторы – пензалық суретші Ильдар Акжигитов.

Картина қайда ілінген?

Атап айтқанда, басқарма басшының орынбасары Дамир Мухетдиновтің кабинетінде тұрған. 

Ресми іс-шаралардан кейін бірқатар әскери тілшілер мен танымал тұлғалар осы картинаның жанында суретке түскен. Ресей қоғамында бұл дүрбелең тудырып, ордалықтардың жеңісі туралы картинаны «русофобия» үшін айыптағандар табылды. «Ұлт араздығын қоздыру» деп атағандар да бар. Соның бірі – ресейлік тарихшы, қоғам белсендісі –  Александр Дюков.

Осыдан кейін 20 ақпанда басқарма өкілі картинаны кабинетінен алып тастауға мәжбүр болды.

Татар жігітіне тағылған айыптар

Әскери тілшілер Юрий Подоляка «Мұсылмандардың діни басқармасы мүшелері Ресейге лоялды емес» деп атады.

«Шынын айтқанда, бұл жерде исламның қатысы шамалы. Ұлтына қарай қабылдайтын ұйымдасқан қылмыстық топ белгілері басым», – деп бағалады Михаил Звинчук.

Сонымен қатар ордалықтардың жеңісі көрсетілген суретті «діни символдарды қорлау» дегендер де бар.

Тарихи дерегі

Қалқа шайқасы – ордалықтар мен Русьтің алғашқы қақтығысы. 1223 жылы Русь князьдері Мстислав Удалой, Даниил Волынский және одақтастары қыпшақтар бірігіп, Каспийді айналып өткен Шыңғыс әскеріне соққы бермек болады. Ұрыс сол жылы 31 мамырда қазіргі Украинадағы Донецк облысындағы Қалқа, қазіргі Кальчик өзені бойында болды. Ордалықтардың қолбасшылары Жебе мен Сүбедей жасанып келген Русь әскерін күйрете жеңді.

Сондай-ақ оқыңыз