
Көшпелі қазақ халқының киім-кешегінің мән-мағынасы, әшекей бұйымдағы ою-өрнектің орны жайлы білгіңіз келе ме? Тарих бойынша тестілеуден өтуге қалай қарайсыз? Дала ханшайымы Грузиядан үлкен апаттан аман алып қалып, тарихты өзгерткені жайлы білетін бе едіңіз? Qalam осы және өзге де қызық тақырыптарда көлемді мақалалар ұсынды.
Сібірдегі үлкен ойын
17 ғасырдағы Ресей уәкілінің Шыңғыс хан ұрпағының елшілерімен кездесуі
17 ғасырда екі алып саналған Ресей мен Қытай империясы Орталық Еуразияға жасалған экспансияға куә болып, жергілікті саяси ахуалды өзгерте бастады. Qalam-ның осы аптадағы мақаласында 1675 жылы Енисей өзені бойында мәскеулік елші Николай Милеску-Спафари мен Халха-моңғол басшысы Түшеет ханның елшілері арасындағы басты кездесулер баяндалады. Аталған саяси келіссөздерде империялық бәсекелестік, сауда қатынастары мен дипломатиялық ықпал жөнінде айтылды. Дәл осы жиында Еуразиядағы билік тек алыс жатқан астаналардан емес, шекараны айқындайтын мәмілешілердің келіссөздері арқылы да қалыптасатыны сөз болды.
«Империя өзендері», «Енисейдегі дипломатия», «Патша қызметіндегі молдован дворяны», «Занабазар және Халха елшілері» және «Империяның дамуы» деп аталатын бес бөлімнен тұратын көлемді мақала тарихқа қатысты біліміңізді толықтырып, жаңа ақпарат қосары анық.
Суретші Лейла Махатпен сұхбат
Көшпелілердің ою-өрнекке, әшекей-бұйым мен тұрмыстық заттарға астыртын мағына бергені жайлы
Qalam Global оқырмандары үшін ең танымал әрі өте сауатты сарапшылармен түрлі сұхбат жазып, қызықты тақырыптар төңірегінде ой-талқы жариялап отырады. Бұған дейін ұжымның Зира Наурызбаймен, тарихшы Нари Шелекбаевпен жазған сұхбаттары жайлы айтқан едік.
Бұл аптада редакция суретші Лейла Махатпен сұхбат жазып, ою-өрнектердің шығу тарихы, қолданыстағы мән-маңызы мен ерекшеліктері туралы ой өрбіткен. Сонымен қатар мақалада әшекей-бұйымдар жайлы да қызық деректер ұсынылады. Мысалы, қазір тренд саналатын минимализм үлгілері көшпелілерді көнеден қолданылған екен. Ал бертін келе батыстан келген жаңа киім деп жаңылатын шалбар да көне көшпелілер ойлап тапқан болып шықты.
Мақалада киімнің өзге түрлері қалай пайда болғаны, аяқ киімнің қалай тігілгені, оның маңызы, қолөнердің дамуы және өзге де тақырыптар аясында көп тың әрі қызық деректер бар.
Адам ба, Хауа ма? – тест
Qalam сайтында түрлі қызық мақаламен қатар басқа да ерекше форматтар бар. Соның бірі – тест. Тарихи деректі, жалпы кез келген ақпаратты осы форматта қабылдаған да қолайлы, жаттауға да ыңғайлы.
Бұған дейін порталда «Адам ба, Хауа ма?» деген тақырыппен жаңа тест жарияланды.
«Нағыз еркек» пен «нағыз әйелдің» сырт келбетіне қатысты қоғамдық түсінік әртүрлі. Өйткені қоғамның түсінігі дәуір, құндылық пен жоралғыларға байланысты қалыптасады және үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Бұл сөзімізге кескіндеме өнерінің тарихы дәлел.
Бұл тестің қызығы сол, сіз суретке қарап, онда ер не әцел адам бейнелегенін ажыра алуыңыз керек. Тестіден өтпей жатып, «Е, оңай ғой» демеуге кеңес береміз. Дұрысы, өзіңіз бір көріңіз.
Дала ханшайымы Грузияны қалай аман алып қалды
Тұрандот ханшайымының шынайы тарихы
Карло Гоццидің «Тұрандот» деп аталатын пьеса-ертегісі есіңізде болар? Аталған туындыда құпия сырын аша алмай қолын сұрап келген жігіттерді жазалаған, татар ханзадасына ессіз ғашық болған қатігез қытай ханшайымы жөнінде сөз болады. Шығармадағы ханшайымның есімін алғаш естігенде сіз де мырс еткен шығарсыз. Өйткені біз 18 ғасырдағы италиялық көрерменге қарағанда, Тұрандот деген қытайлық есім емес екенін жақсы білеміз. Оның үстіне бұл жалпы кісінің есімі дегенге қатысты да күмәндар бар! Ертеде парсылар Тұрандоха («Тұран қызы» я «Тұранның қызы») деп хан қыздары мен жергілікті билеушілердің жарын атайтын болған.
Qalam Global порталында осы оқиғаға қатысты жеті бөлімнен тұратын тарихи-танымдық мақала жарық көрді. Мақаланың бірінші бөлімінің өзі тұнып тұрған пайдалы дерек. Себебі бірінші бөлімде оқырман нағыз Тұрандот жайлы ақпаратқа қанық болады. Оқиға сонау 12 ғасырда өрбіп жатады. Бір қиырда – Ресей империясы, бір қиырда – Ақ Орда, тарихтың тағы бір тұсында – Грузия. Қыпшақ хандығынан шыққан хан қызы қалай бір елді аман алып қалған? Бұл – махаббат хикаясы ма, әлде екі ел арасындағы саяси шешім құрбаны болған жастар жайлы ма?
Мұның жауабын өзіңіз оқып алғаныңыз дұрыс болар. Демалысыңыз да сонда бос кетпейді. Себебі миыңыз осынау керемет тарихи дерекпен толыққалы тұр.