Германия канцлері Олаф Шольц бастаған партия парламент сайлауында жеңіліс тапты

Германияда Бундестаг сайлауында Фридрих Мерц басқаратын ХДС/ХСС (Христиан-демократиялық одақ және Христиан-әлеуметтік одақ) жеңіске жетті. Федералды сайлау комиссиясының алдын ала деректеріне сәйкес, партия 28,6% дауыс жинаған.
Екінші орынға елдегі ең даулы саяси күштердің бірі «Альтернатива үшін Германия» (АдГ) шықты. Бұл партия 20,8% дауыс жинап, тарихындағы ең үздік нәтиже көрсетті.
Ал канцлер Олаф Шольц басқаратын Социал-демократиялық партия (СДПГ) 16,4% дауыс жинап, өз тарихындағы ең нашар нәтижені көрсетті. Шольц сайлау қорытындысын мойындап, партиясы үшін ауыр соққы болғанын айтты.
Сонымен қатар, «Жасылдар» – 11,6%, «Солшылдар» – 8,8% дауыс жинады. «Сары Вагенкнехт Одағы» мен «Еркін демократтар» партиясы 5%-дық шекті еңсере алмады.
Канцлер кім болады?
Фридрих Мерц ең ықтимал үміткер болғанымен, Германияның жаңа канцлері тек коалициялық үкімет құрылып болған соң сайланады. Бұл үдерісті Пасха мерекесіне дейін (20 сәуірге дейін) аяқтауды жоспарлап отыр.
Сайлау қорытындылары:
- ХДС/ХСС – 28,6% (жеңімпаз)
- «Альтернатива үшін Германия» – 20,8% (рекордтық нәтиже)
- СДПГ – 16,4% (тарихтағы ең төмен көрсеткіш)
- «Жасылдар» – 11,6%
- «Солшылдар» – 8,8%
- «Сары Вагенкнехт Одағы» және «Еркін демократтар» – 5%-дан төмен
Сайлауға 84% сайлаушы қатысып, 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды.