«Нурикамал» авторы жаназада көңіл айтудың орнына сыйлық ала алмай жүргенін сөз қылған

Баспагер Бақытжан Бұқарбай ақын Ханбибі Есенқарақызы жазушы Дулат Исабековтің жаназасында марқұмның бала-шағасына көңіл айтудың орнына жеке басының мәселесін айтып кеткенін сынға алды.
Бұқарбай қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде «Бұл қалай сонда?» деген еріксіз ойға қалдыраатынын айтады.
«Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, «Ендігі рет аласыз» деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды» дейді ол.
Баспагер ақынның бұлай ренжитіндей жөні жоқ екенін, алмаған марапатынан алғаны көп екенін атап өтті.
«Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен: «Парасат» пен «Барыс» ордендері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атағы – бәрі бар. Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді?» дейді ол ашынып.
Бақытжан Бұқарбай мұндай жағдайға бұрын да куә болғанын жеткізді.
«Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді. Оның орнына, біраз уақытын қазіргі президентті мадақтауға арнады. Бұрынғы басшыны да дәл осылай дәріптеуші еді. Бұл өте жиіркенішті көрініс болды» дейді ол.
Автор желідегі жазбасы арқылы аға буынға мұндай аста жастар да отыратынын, үлкендердің осындай сөзі үшін жағасын ұстап, жерге кірердей ұялатынын жеткізгісі келеді.
Ханбибі Есенқарақызы журналист, ақын. Көптеген поэзиялық, прозалық шығармалардың авторы. Танымал «Нурикамал» әнінің сөзін жазған. Былтыр әннің дүниеге келу тарихының желісі бойынша туындымен аттас фильм шыққан.
Ақын «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерінің, халықаралық «Алаш әдеби сыйлығының» иегері, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері». М.Әуезов бейнесі бар ЮНЕСКО, «Астана қаласына 10 жыл», Түркістанның 1500 жылдығына, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған және Гумилев атындағы Еуразия университеті медальдарымен марапатталған. Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы.