2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың мүлкіне өтемақы қашан беріледі

Шаруалардың 2024 жылғы су тасқынынан келген шығыны өтелетін болды. Ұлттық экономика министрлігі су тасқыны салдарынан жылжымайтын мүлкіне зиян келген агроөнеркәсіп кешені (АӨК) субъектілеріне мүліктік шығынды өтеу ережелерін бекітті.
«Ол 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2025 жылғы 31 наурызды қоса алғанға дейінгі уақытқа жарамды болады. Бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны, не шығын болған тұрғын үй мен басқа үй-жайлардың құны өтеледі», – делінген бұйрық жобасында.
Ведомствоның мәдімдеуінше, сақтандырылған жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ меншік құқығы 2024 жылдың 1 наурыздан кейін сатып алынған мүлікке өтемақы төленбейді.
Өтемақыны қалай алуға болады?
Өтемақы алу үшін зардап шеккен кәсіпкерлер жергілікті әкімдік жанынан құрылған өңірлік комиссияға немесе бюджеттік емес қор комиссиясына өтініш беруі керек. Өтемақы төлеу туралы шешімді осы құрылымдардың бірі шығарады.
Өтініш беру рәсімі автоматтандырылған – «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы рәсімделіп, электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады. Ерекше жағдайларда құжаттарды қағаз түрінде тапсыруға рұқсат етіледі.
Жоғалған жылжымайтын мүліктің немесе оны қалпына келтіру жұмыстарының құны дефекттік актілер, сметалық құжаттама, жоба-сметалық құжаттама, жылжымайтын мүлікті бағалау немесе сот сараптамасы негізінде есептеледі.
Өтініштерді қарау мерзімі – 5 жұмыс күні.
Өтемақы туралы шешім қалай қабылданады?
Өтініш пен барлық қажетті құжатты тапсырғаннан кейін, өңірлік комиссия немесе қор комиссиясы 5 жұмыс күні ішінде қаражат бөлу туралы шешім жобасын әзірлейді. Одан кейін облыстың жергілікті атқарушы органдары өтемақы сомасы мен қаржыландыру көздерін көрсете отырып, зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін жасайды.
Қорытынды тізім Ұлттық экономика министрлігіне 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккендердің жалпы тізіміне енгізу үшін жіберіледі.
Еске салайық, Қазақстанда былтыр көктемде болған су тасқынының шығыны 300 млрд теңгеден асады.
Биыл да Қазақстандағы 1223 елдімекенде су тасқыны қаупі туындап отыр.