«Қиын мамандық екені рас»: Қазақстанды байланыспен қамтып жүрген нәзік жандылар

Инженер, монтер, механик деген мамандықтарды естігенде көз алдымызға бірінші арнайы форма киген ер адамның келері анық. Алайда бұл тек ер азаматтар істей алатын жұмыс деген сөз емес. Қазақстанда қалыптасқан стереотиптерді бұзу үшін бар болғаны өңірлерді аралап көруге болады. Kursiv.Media отбасымен қатар қоғамға аса қажетті ауыр саланың жүгін арқалап, Қазақстанды байланыспен қамтып жүрген мамандармен тілдесті.
20 жыл ішінде үлкен өзгерістер болды

Назгүл Кенжебаева 2004 жылдан бері Қарағанды облысы Ақадыр станциясында электромеханик болып жұмыс істейді. Назгүл Мейрамқызының айтуынша, ол өз қызметін телеграфист болып бастаған. Кейіннен «ҚарағандыТранстелеком» компаниясында заманның талабына байланысты электромеханик мамандығын игеріп, халықты жаппай байланыспен қамту ісіне араласқан.
«Транстелеком» компаниясын ашылған 2004 жылдан бері жұмыс істеймін. Бастапқыда теміржолды цифрлық трансформациялау процесіне араласқан едік. Қазір қарапайым тұрғындарды байланыспен қамтуға дейін әртүрлі қызметтерді көрсетеміз. Өзімнің жұмысым 20 жыл ішінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұрын міндетті түрде барып, көзбен көріп істейтін жұмысты қазір қашықта отырып атқара аламыз. Мұның бәріне ақырын-ақырын үйренісіп кеттік», – дейді Назгүл Мейрамқызы.

Оның сөзінше, жаңа өзгерістерді қабылдау әрдайым қиын. Дегенмен компания қызметкерлерді технологияға бейімдеу үшін арнайы курстар өткізіп отырады.
«Компания жұмыс істеп қана қоймай, жеке қызығушылықтарымызды ескеріп, салауатты өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2024 жылы Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қызметкерлер арасында үстел теннисінен чемпионат өткізіп, сол чемпионатта 1-орынды жеңіп алдым», – дейді кейіпкеріміз.
Назгүл Мейрамқызы Ақадырға жұмысқа келгеннен кейін, осы аймақтың жігітіне тұрмысқа шығып, 3 перзенттің анасы атанған. Оның байланыс саласында істеген еңбегін мемлекет те лайықты бағалап, 2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі арнайы «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Адам қаласа, қиындыққа қарамайды

Динара Салықжанова 21 жылдан бері байланыс саласында қызмет етіп келеді. Ол Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласында теміржол станциясы жабдықтарын қолдау қызметінің байланыс инженері болып жұмыс істейді.
«Бұл мамандықты таңдауыма анам әсер етті. Себебі анам ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет етіп келген. Мен оның жолын жалғауды жөн көріп, алдымен Аягөзде электромонтер болып істедім. Кейіннен осы Шемонаихаға келіп, инженер болдым. Қиын мамандық екені рас. Алайда адам қаласа, қиындыққа қарамайды», – дейді ол.
Динара Диасқызының айтуынша, 2008 жылы оны «ӨскеменТранстелеком» компаниясы Шемонаиха қаласын байланыспен қамту үшін арнайы жібереді. Ол осы аймақтағы байланыс учаскесін басқаруына алып, қаланың толықтай байланыспен қамтылуына, интернеттің қосылуына жұмыс істейді. Дәл сол 2008 жылы осы өңірде өзінің жұбайын кездестіріп, отау құрып, екі баланың анасы атанады.
«Қаламызға АТС MD-110, АТС SI-3000, РРЛ MINI_Link және DS LAM сынды құрылғылардың орнатылуы кезінде басы қасында болып, белсенді жұмыс істедік. Әр құрылғыны орнату үшін арнайы дайындықтан өтіп, Алматыға барып, біліктілігімді арттырып келдім. Сол курстарда үйренген жұмысымды осы қалаға келіп, әріптестеріме үйретіп жүрмін. Әсіресе, жаңа келген жас мамандармен жұмыс істеу, оларға үйрету өте жеңіл, бірден қағып алады», – дейді Динара Диасқызы.
Ол ұлдарының бірі болашақта өз ізін жалғап, инженер болады деп үміттенеді. Мектепте оқитын баласы қазірдің өзінде анасының жұмысына қызыға қарап, ол секілді адамдардың өмірін жеңілдету үшін жұмыс істегісі келеді.
Бір орында отыра алмаймын

Толқын Сүлеймановамен тілдесу үшін бірнеше күн күтуіміз қажет болды. Себебі маман бір орында отырмай, күнделікті абоненттердің жағдайын біліп, Жамбыл облысындағы бұрынғы Луговой, қазіргі Түрксіб станциясын тоқтаусыз аралайды. 35 жыл бойы байланыс инженері болып істеген. Ол 1990 жылы сол кездегі Луговой бекетіне жұмысқа жіберіледі. Алматы маңында өскен қыз балаға алыс аймақта жұмыс істеу бастапқы да оңай болмаған. Дегенмен өзінің табандылығының арқасында қарапайым электромонтерден аға электромеханик қызметіне дейін көтерілген.
«Қазіргі заманда байланыссыз қалу адамдарға қаншалықты қиын екенін білемін. Сондықтан адамдар қиналып хабарласып тұрғанда, бір орында отыра алмаймын. Қарамағымдағы қызметкерлер тексеру жұмыстарына шығып кеткен кезде абоненттер хабарласып қалса, өзім жүгіріп бара қоямын. Кейде олар өздері роутерлерін көтеріп келіп тұрады. Сол кезде шығып, көрсетіп жіберетін кездер де болады», – дейді Толқын Рафикқызы.
Инженердің бұл қызметін компания да, мемлекет те бағалап жатқаны анық. Себебі 23 жылдық еңбегі үшін «Үздік байланысшы» марапатына ие болған. Өзге кейіпкерлеріміз секілді ол өмірлік жарын қызметке келгенде өңірде кездестіріп, 3 баланың анасы атанған.
Отбасымның іргетасын қалаған жер

«Транстелекомға» келіп, өмірі түбегейлі өзгеріп кеткен тағы бір кейіпкеріміз Светлана Хайрушева «Атыраутранстелеком» компаниясында кадр бөлімінің менеджері болып істейді. 2004 жылы ол өзінің жұбайы Ибатолла Сарқұловты дәл осы компания қабырғасында кездестіреді.
«Жұбайым екеуміз 2004 жылы Атырау өңірінде осы компания ұйымдастырған шараның бірінде жолығып, бір-бірімізді ұнатып, бас қостық. Біздің тойымыз «Транстелекомның» корпоративі секілді өтті деуге болады. Себебі қыз жолдас та, ұл жолдас та осы компанияда қызмет ететін, келген қонақтар да осы компаниядағы әріптестеріміз болды. Сондықтан болар мен бұл компанияны жәй ғана жұмыс орны емес, өз отбасымның іргетасын қалаған жер деп есептеймін», – дейді Светлана Хатимқызы.

Ол компанияда алдымен бухгалтерлік кейіннен кадрлар бөлімінде қызмет атқарғанымен, жұбайы байланыс инженері болғандықтан, бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы білетінін айтады.
«Жұбайым екеуміз бұрын бір жерде байланыс үзілді десе, сол жаққа бірге барып, күн-түн демей, тексеріп отыратынбыз. Оның жанында қатар жүріп, күйіп-пісіп жүргендіктен, компанияның өсіп-көркейіп жатқаны мені шексіз қуантады. Біреу біздің компанияны мақтап жатса, өз баламды мақтағандай сезімде боламын», – дейді ол.
Светлана Хатимқызы қазір 2 баланың анасы. Болашаққа үлкен жоспарлары барын айтады. Осы компанияда жұмыс істеп, зейнетке шығып, әріптестерімен арасы үзілмей, бірге саяхаттап, салауатты өмір салтын сақтайтынын айтады.