Қазақстандық компаниялар да бар: ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-санкциялар пакетін қабылдады

ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-санциялар пакетін қабылдады. Бұл туралы ЕО кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады. 24 ақпанда Ресейдің бауырлас ел – Украинаға басып кіргеніне үш жыл толды.
ЕО 48 жеке тұлға мен 35 ұйымды санкция тізіміне енгізді. Бұл адамдар мен компанияларға «Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігіне және тәуелсіздігіне қауіп төндірді» деп айып тағылған.
Сонымен қатар, ЕО екі жаңа критерийді бекітті, бұл Ресейдің «көлеңкелі флотына» иелік ететін немесе оны басқаратын тұлғаларға және Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтындарға санкция салуға мүмкіндік береді.
«Көлеңкелі флот» және теңіз тасымалына қатысты санкциялар
Путиннің санкцияларды айналып өту үшін пайдаланатын «көлеңкелі флотындағы» танкерлерге порттарға кіруге және теңіз тасымалына байланысты қызметтерді пайдалануға тыйым салынды. Бүгінде бұл шектеулер 153 танкерге қатысты қолданылып отыр, оның ішінде 74 жаңа кеме енгізілді.
«Санкциялар ресей мұнайы экспортының, әскери техниканы тасымалдаудың және Украинадан ұрланған астықты тасымалдаудың алдын алуға бағытталған», – делінген хабарламада.
Қаржы және банк секторына салыған санкция
ЕО алғаш рет Ресейден тыс орналасқан, бірақ Ресей Орталық банкінің SPFS қаржы хабарламалар жүйесін пайдаланатын банктерге транзакция жүргізуге тыйым салды.
Ресейдің 13 өңірлік банкіне қаржылық қызмет көрсетуге тыйым салу кеңейтілді.
Сауда-саттық саласындағы 53 жаңа ұйым санкция тізіміне енген. Олар Ресейдің әскери және өндірістік кешенін қолдайды.
«Бұл шектеулер қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларға, сондай-ақ Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік саласын дамытуға ықпал ететін жабдықтарға экспорттық шектеулерді күшейтуді қамтиды», -дейді ЕО.
Санкцияға ілінген компаниялардың бір бөлігі Ресейде орналасқан, ал қалғандары Қытай (Гонконгпен бірге), Үндістан, Қазақстан, Сингапур, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстанда тіркелген.
Ресейдің әскери дрондары мен зымырандары үшін қажетті технологияларды сатып алуға көмектескен ұйымдарға тыйым салынды.
Химиялық заттар, пластмасса мен резеңке өнімдерін, сондай-ақ Ресейдің қорғаныс жүйелерін өндіруге қажет жабдықтарды экспорттауға тыйым салынды Бастапқы алюминий импортына қосымша шектеулер енгізілді, себебі бұл өнім Ресейге айтарлықтай кіріс әкеліп отыр.
Ресейлік БАҚ-қа тыйым салу
ЕО ресейлік 8 ақпарат құралының ЕО аумағында хабар таратуына тыйым салды. Бұл ұйымдар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын насихаттауға және ЕО мен оның көршілерін тұрақсыздандыруға ықпа еткен. Алайда, бұл шаралар олардың ЕО аумағында зерттеу жүргізуіне және сұхбат алуына тыйым салмайды.
Дрондар, зымырандар және басқа әскери технологияларды тасымалдауға пайдаланылатын ресейлік порттар мен әуежайлармен кез келген қаржы операциясын жасауға тыйым салынды. ЕО-ға тиесілі әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат етілген ресейлік әуе компанияларының тізімі қысқартылды.
ЕО аумағында Ресейге тиесілі 25%-дан астам үлесі бар автокөлік компанияларына шектеулер енгізілді.
Осы санкциялар режимі 2026 жылдың ақпанына дейін ұзартылды.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас бұл санкциялардың мақсаты Ресейді әлсіретіп, Украинаға мықты позицияны қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, «санкциялар – келіссөздер барысында ЕО-ға ықпал ету тетіктерін береді».
18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей шенеуніктері Украинадағы соғысты тоқтату бойынша алғашқы келіссөздерін өткізді. Бірақ алғашы кездесуге Украина басшылары шақырылмады. Вашингтон мен Мәскеу дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіру және үш жылға созылған соғысты аяқтау жөнінде келіссөз бастауды талқылады.
АҚШ пен Ресей осы аптада тағы да Киевтің қатысуынсыз кездесетін болды.