Берік Уәли Семейде биіктігі 50 метр болатын айналма дөңгелегін салуды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Берік Уәли Семейдегі қоғамдық кеңістіктерді аралап шықты / shutterstock

Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли Семейде биіктігі 50 метрлік айналмалы дөңгелек салуды тапсырды. Облыс әкімдігі жоспарына сәйкес, жыл бойы жұмыс істейтін аттракцион «Бейбітшілік аралында» орнатылады.

Жуырда тағайындалған аймақ басшысы Семей қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді аралап, алдағы уақытта жүзеге асатын абаттандыру жобаларымен танысқан.

«Қала басшысы облыс әкіміне шаһардағы қоғамдық кеңістіктердің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Өңір басшысы әсіресе, қаланың тарихи нышандарының бірі саналатын балалар теміржолына ерекше көңіл бөлді. Бұл нысан жаңғыртудан өткеннен кейін жыл бойы, үздіксіз жұмыс істейтін болды» — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Берік Уәли «Бейбітшілік аралын » кәрі, сынған және құлаған ағаштардан тазартуды, жаңа көшеттер отырғызып, тәртіпке келтіруді жүктеді.

«Бейбітшілік аралы – семейліктердің сүйікті демалыс орны. Қала қонақтары да жиі келеді. Сондықтан мұнда қысы-жазы жұмыс істейтін, кемі 50 метрлік шолу дөңгелегін салуымыз керек»,- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі қалада демалыс орындарын да көбейтпекші. Шаһардағы тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көше жарығын жақсарту және  жолдардың сапасына да айрықша көңіл бөлмек.

Сондай-ақ, Берік Уәли өңірдегі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралап шықты. Ол Бородулиха, Жаңа Семей аудандары мен Семей қаласының қауіпті аумақтарын әуеден бақылап, гидрологиялық жағдайды бағалады.

Еске сала кетейік, Берік Уәли 17 ақпанда Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз