Әнуар Дайыров: Басшылық қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы 6 ай қиын

Жарияланды 25 Ақпан 2025 08:03

Жания Әбдібек

Жания Әбдібек

Youtube бөлімінің тілшісі
Әнуар Дайыров: Басшылық қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы 6 ай қиын
Әнуар Дайыров: Басшылық қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы 6 ай қиын / Фото: жеке мұрағат

Ұжым басқару, жетекші болу – тек бұйрық беру емес. Қызметкерлердің мықты тұсын дөп басып, дұрыс тапсырма беру, командамен бір болу деген тәрізді дүниелер бар.  Бизнеске мықты басшы керек. Бірақ кейде басшылардың өзінде сенімсіздік болады, өзіне көңілі толмайды. 

Мұндай жағдайда басшылар мен жетекшілерге арналған коучиң жақсы көмектесе алады. Ол не дүние? Басшылық қызметке келген жас басшы қандай қателіктер жібереді? Арнайы коуч Әнуар Дайыровпен сөйлесіп көрдік.

Әнуар мырза, басшыларға арналған коуч деген кім? Бұл салаға  қалай келдіңіз? 

– Мен ұзақ жыл  ұжымдық және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқардым. Қарапайым монтаж жасаушыдан даму жөніндегі директор және бас директорға дейін көтерілдім. Қандай қызметте болсам да, басқару қағидасы барлық жерде ұқсас. Команданы дамыту, нәтижеге қол жеткізу, қандай мәселені шешеміз және клиентке қандай құндылық береміз деген сұрақтармен айналысатын едік. Кейін ақырындап компания ішінде тренингтер жүргізе бастадым. Ұжым ішінде әріптестеріме жеке даму, мансабын көтеру, жалақысын өсіру бойынша кеңестер беріп жүрдім. Сол кезде бір нәрсе қызметке енді ғана келген жаңа, жас басшылардың да мәселесі көп екенін түсіндім.  Қатардағы қызметкер басшы қызметіне өскенде не істеп, неден бастау керектігін түсінбей қалатыны бар. 

Ол атқарушы ретінде мықты болуы мүмкін, бірақ басшы ретінде мүлде басқа дағдылар мен кәсібилік керек. 

Ұжымдағы атмосфера, ішкі конфликтер, клиенттермен жұмыс істеу секілді үлкен тапсырмалармен бетпе-бет келеді. Сол кезде жас басшының өзіне де тәлімгер қажет болады. Сондай сұраныстардың көп екенін, жоғары екенін байқаған соң осы салаға бет бұрдым. 

Жас басшының – cіздің клиенттеріңіздің портретін сипаттап беріңізші… Кәсіби тәжірибесі, мықты және әлсіз жақтары қандай? Қандай қорқыныштары бар? 

– Орта статистикалық басшының жасы 30-45 жаста, он жылдан астам тәжірибесі бар. Олар бір салада кәсіби маман болып қалыптасқан мықты сарапшы. Өз ісін жақсы көреді, ірі корпорацияда немесе квазисектордағы компанияларда жұмыс істейді. Ұжымда 200-300  адамға дейін бар. Олар – директорлар, филиал басшылары, бөлім басшылары мен орынбасарлары.  Барлығын бір сөзбен middle немесе топ management деңгейі деуге болады. Бірақ басшы болу оңай емес. Көбінде қызметке тағайындалған алғашқы 3-6 айдан кейін қиындықтар басталады. 

Жетекшілердің қорқынышы мен әлсіз жақтары да ұқсас келеді. Мәселен, жоспарлау, ұжымды басқару, тапсырма беру, қызметін бөліп беру, көпшілік алдында сөйлеу тәрізді мәселелері болады.  Сонымен қатар бейсаналы қорқыныштары мен психологиялық кедергілері де болуы мүмкін. Ішкі қарсылықтары да бар. Басқа біреуге тапсырма бере алмайтын адамдар да болады. 

Жас басшылардың ұжымды басқарғанда жіберетін қателері барлығында бірдей.  Заң, ІТ қандай компания болса, бірақ адамды басқару дағдылары барлығында ұқсас. 

Осы мәселелерді шешу үшін топты, ұжымды басқаруды үйрететін жаттықтыру ойындарын өткіземіз. Түрлі оқиғалар ұйымдастырып,  басқару машығын жетілдіреміз. Бұл ұжымдық атмосфераға, табысқа,  әлеуметтік жауапкершілікке әсер етеді. Жетекшінің 29 құзіреті болуы керек деген сөз бар. Басшы үнемі өзімен жұмыс істей білуі тиіс. Әлсіз және мықты тұстарын анықтап, қайсысына басымдық беру керек екенін анықтаймыз. Білесіз бе, басшының барлығы қатал бола бермейді. Өте жұмсақ, қызметкерінен ешнәрсе талап ете алмайтын жетекшілер де болады. Олармен психологиялық жұмыс істеп, жағдайға көзқарасын өзгерткенде мәселе тез шешіледі. Менің коуч ретінде мақсатым да осы –  жетекшіге өз қызметін жаңа деңгейде атқаруға көмектеседі. 

Ал жетекшілердің, басшының дайындығымен компания өкілдері айналыспай ма? 

– Ірі компанияларда өз ісінің мамандарын іріктеп алып, кадрлар пулына қосып,  даярлайды. Уақыт бөледі. Бірақ көп жағдайда қатардағы қызметкердің біреуін таңдап, басшылыққа тағайындай салуы мүмкін. Ал бұрын код жазып жүрген маманды ортаға әкеліп, ұжымды басқар дегенде абдырап қалатын анық. Олар кейде қоластындағы қызметкердің жұмысын өзі істеп, шаршап, «жанып» кетіп жатады. Себебі – команда өскен жоқ, нәтиже  тек  бір адамның арқасында болды. Ол жұмысқа шықпаса, жүйе бұзылады, барлығы кері кетеді. Сондықтан басшының дұрыс басқара білуі өте маңызды. Ол жағынан жетекшілердің өзіне көмек керек.

Проблеманы жақсы түсіндік. Ал енді шешімі қандай? Жаңа басшыларға қалай көмектесесіз? Әдістемеңіз бар ма?  

– Көпжылдық басқару қызметіндегі тәжірибем мен бизнесті басқару саласында алған білімім басшылардың hard skills біліктілігін көтеруге көмектеседі. Мысалы, басшы не білу керек, ұжыммен қалай танысу керек секілді «нөлден» басталатын мәселеден бастап, жиналысты қалай өткізу, міндеттерді бөлу, процессті оңтайландыру, стратегиялық жоспар, road map жасауды үйретемін. IMCP  атты метакогнитивті бағдарламалау институтында екі жыл білім алдым. Ол жерде soft skills дағдыларды жақсарту, эмоциялармен жұмыс істеу машықтарына жақсы меңгердім.  Жұмыс барысында басшылар саналылықты көтере отырып, жұмысты өнімді істеп, командадағы мәселелерді тиімді шеше алады. Коуч ретінде әуелі  басшының жұмысын талдауға көмектесемін

Soft дағдылар тақырыбын ашып айтсаңыз.  Бұл сала қазір қаншалықты маңызды? 

– Әлем өте тез өзгеріп жатыр. Hard дағдылар да өте тез дамып келеді. Бүгін роботтар мен ЖИ, ертең голограмма, одан әрі 6D деп дами береді. Бірақ сонымен бірге soft қабілетті де қатар жетілдіріп отыру керек. Ол дегеніміз – эмоциялық интеллект, саналылық, эмпат болу, коммуникацияны жақсы меңгере білу. Осы дағдыларды меңгерген басшылар анағұрлым табысты болатыны рас. 

Hard пен Soft дағдыларын қатар дамытқан жетекші ең мықты басшы деп айтар едім. 

Мықты жетекші ызметкерінің көңіл-күйі, жұмыс істегеніне қарап қандай жағдайда тұрғанын байқай біледі. Қызметкерін жақсы түсінсе, оның құндылықтарын анықтап, қажетті жолға бағыттап , мотивация да бере алады. 

Неге басшыларға арналған коучиң қазір өзекті болып жатыр? 

– Бір рет басшылық қызмет атқарған адам басқа қызметке барғанда жұмысты қалай бастауды, қалай істеуді біледі. Кешегі қатардағы маман лауазымды қызметке өскенде, басшылық қызметтік барлығын меңгеруге ұзақ уақыт кетеді. Ал қазір уақыт жылдам. Бизнес процестер тез өзгереді, ақпарат көлемі үлкен.  Сол тасқынның арасында жетекшілер өзін жоғалтып алып жатады. Оның үстіне қазір жетекшілер үшін керекті ақпарат аз. Сондықтан олар сырттай көмек беретін, бағдай беретін коучтардың көмегіне жүгінеді. Ол – қалыпты нәрсе.   Сенімді, мықты жетекші болу уақыт өте келе қалыптасатын машық екенін ұмытпаңыз 

Сондай-ақ оқыңыз